Қазақ спортында бұрын-соңды болмаған тарихи сәт. Еліміздің мақтанышы Елена Рыбакина мерейімізді өсіріп, әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Кеше жерлесіміз АҚШ ашық біріншілігінде чемпиондық тегеурін танытты. Ширек финалында қытайлық Чжэн Циньвэньмен кездесіп, 3:6, 6:1, 6:4 есебімен айласын асырды. Осылайша, жартылай финалға жолдама алған атлетіміз 8681 ұпай жинап, көш басындағы Арина Соболенконы екінші сатыға сырғытып тастады. Ал Беларусь теннисшісі 99 апта бойы алдына жан салмаған болатын. Бұл жетістік – қазақ спортының жарқын белесі деді жерлесіміз.
ЕЛЕНА РЫБАКИНА, ӘЛЕМНІҢ БІРІНШІ РАКЕТКАСЫ:
Бұл – тарихи жетістік. Және мен Қазақстанның намысын қорғап жүргенімді мақтан тұтамын. Қазақстанда үлкен тенниске бет бұрған жастар көбейіп келеді. Елімізге барған сайын соған куә боламын. Өзіңе қарап бой түзейтін кейінгі буынды көру де ерекше сезім. Бастысы, өзіңе сеніп, тынбай еңбек етсең, бәрі де мүмкін.
Қазақстанның атын әлемге әйгілеген отандасымызды Мемлекет басшысы да құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаның алдағы кездесулеріне сәттілік тілеп, жаңа белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Осынау тарихи жеңісіңіз қазақ спортының даңқын асырды. Есіміңіз әлемдік теннис жылнамасынан ойып тұрып орын алды. Сіздің жетістікке толы жолыңыз – еліміздің жас спортшылары мен дүниенің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис жанкүйері үшін үлгі-өнеге. Сонымен қатар кортта да, қоғамдық орындарда да, жұртшылықпен қарым-қатынас барысында да байқалатын жоғары мәдениетіңізді айрықша атап өткім келеді. Бұл – сөзсіз Сіздің парасатыңыз бен адами қалпыңыздың айқын көрінісі.