Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 8 қаралым

Криптонарыққа бақылау күшейеді

Қазақстанда криптовалютамен тірлік қылатындарға тықыр таянды. Өйткені цифрлық әмияндар мен транзакцияларды бақылайтын жаңа орталық ашылмақ. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы үкімет отырысында мәлімдеді. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жаңа жүйе онлайн қаржыны оңды-солды алып-сатып жүргендерді анықтайды. Оларға ақшаның қайдан келгенін, қайда кеткенін бақылайды. Ілкімді істі алаяқтық схемаларды әшкерелейтін Антифрод орталығымен бірлесе жүзеге асыру жоспарда бар. Ал банктер мен құқық қорғау органдары осы ақпараттар арқылы күмәнді операциялардың жолын кеспек.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:

Жоспарды іске асыру реттелетін нарықтың көлемі мен өтімділігін арттырады. Бұл капиталдың реттелетін ортаға оралуына, халықаралық қатысушыларды тартуға және нақты сектордың қаржыландыруын кеңейтуге жағдай жасайды. Жеке клиенттің немесе операцияның тәуекелі лицензияланған провайдердің барлық шоттарын бұғаттауға әкелмеуі керек. Шектеулер тек нақты тәуекелге қатысты қолданылған жөн.

Қаржы секторына жауаптылардың бұлай белсенуі бекер емес. Себебі елімізде реттелетін криптонарықтың көлемі 30 есе өскен. Нарықтың ауаны көлеңкелі саладан біртіндеп заңды бақылауға ауып барады. Қазір қазақстандықтардың әлем бойынша шамамен 1 миллион криптоәмияны бар екен. Осылайша жеті жыл бұрын басталған жұмыс жемісін беріп жатыр дейді жауаптылар. Қазір цифрлық активтер саласында 35 провайдер қызмет көрсетеді. Оның ішінде 11 цифрлық активтер биржасы, 16 инвестициялық қызмет провайдері және сегіз төлем ұйымы бар.

ЕРКЕҒАЛИ ЕДЕНБАЕВ, АСТАНА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Егер 2023 жылы лицензияланған ортадағы операциялардың көлемі 320 миллион АҚШ долларын құраса, былтырғы жылда бұл көрсеткіш 10,5 миллиард АҚШ доллары болды. Биылғы жылдың бірінші жартысының ішінде операциялар көлемі 5,5 миллиард АҚШ долларына жетті.

← Барлық жаңалықтар