Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 9 қаралым

Қоғамдық палатаның артықшылығы неде?

Құрылтайда қаралған әрбір заң жобасы жан-жақты сараланған, азаматтардың сұранысына нақты жауап беретіндей сапалы әрі сауатты әзірленуі тиіс. Осы мақсатта жоғары заң шығарушы орган жанынан Қоғамдық палата құрылады. Консультативтік-кеңесші рөлін атқаратын алаң ережелерді ашық әрі мазмұнды етуге, түрлі ұсыныстар мен нормативтік құжатта қамтылмай қалған тұстарды ескеруге ықпал етеді, дейді депутат Айдос Сарым. Соңғы жылдары бұл жұмысты Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мен Сенаттың Сарапшылар клубы жүйелі жүргізген. Депутаттың сөзінше, аталған орган құжаттарды мұқият пысықтауға жол ашып, өзінің қажеттілігін дәлелдеген.

АЙДОС САРЫМ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қазіргі таңда қоғамдық палаталар институты кеңінен дамыған. Дәл осындай бірлестіктер азаматтар мен билік арасындағы сенімді көпір қызметін атқарып, қоғамның нақты сұраныстары мен ұстанымдарын нақты көрсететін маңызды индикаторға айналып отыр. Осыған байланысты Қоғамдық палата депутаттардың сарапшылармен, ғылыми қауымдастықпен, азаматтық қоғам, кәсіби бірлестіктер және өңірлер өкілдерімен тікелей диалог жүргізетін тұрақты жұмыс алаңына айналуға тиіс деп санаймыз.

Құрылтайдың күн тәртібіне ұсынылған бастама бір ауыздан мақұлданды. Алдағы уақытта қоғамдық палатаның 50 адамнан тұратын құрамы жасақталмақ.

← Барлық жаңалықтар