«Орталық Азия – Корея» өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құру қажет. Мұндай бастаманы Сеулде осы мемлекеттердің көшбасшылары қатысқан бірінші саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев көтерді. Президенттің пікірінше, бұл тетік аясында үкіметтеріміз өндіріс локализациясына, технология трансферіне, өңірлік кооперацияны дамытуға және дайын өнімді үшінші елдер нарығына шығаруға ден қойып, бірлескен маңдайалды жобалардың тізімін жасақтай алады. Қазақстан басшысы көпжақты ынтымақтастықтағы ең маңызды мәселе – сауда-экономикалық байланыс пен инвестицияны дамыту екенін айтты. Былтыр Орталық Азия мен Кореяның өзара сауда-саттық көлемі алғаш рет 10 миллиард доллардан асыпты. Оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Осы жиыннан кейін Мемлекет басшысы бизнес-саммитке қатысып, сөз сөйледі. Президент екі ел арасындағы бірлескен жобалардың маңыздылығын атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Корея құны 4 миллиард доллардан асатын 51 жобаны жүзеге асырып жатыр. Былтыр елімізде 170 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі шамамен 18 пайызға өсті. Оған Hyundai мен Kia зауыттары үлкен үлес қосты. Мұның бәрі – локализацияны арттыруға, қосылған құны жоғары технологиялық өнімдер шығаруға бағытталған жұмыстың берік негізі. Локализация үдерісін мұқият бақылап отырмын.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика, өнеркәсіп, аса маңызды материалдар, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар салаларындағы қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Орталық Азияның өзара байланысын нығайту өңірдің экономикалық әлеуетін толық танытады, халықаралық бизнеске жол ашып, ауқымды бірлескен жобаларды іске асыруға тың серпін береді. Әлемде технологиялық және экономикалық тұрғыдан көшбасшы саналатын Корея Республикасымен ынтымақтастықты тереңдету осы мақсаттарға жедел қол жеткізуге ықпал етері сөзсіз.