Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 24 қаралым

Тілсіз жау тұрғындарды далада қалдырды

Тілсіз жау тараздықтарды бір сәтте баспанасыз қалдырды. Өрттен екі пәтер мүлде жарамсыз болып, онға жуық үйдің шатыры ғана жанып кеткен. Жалаңдаған жалын тұрмыстық техника мен көліктерге де зақым келтірген. Бұқара бес күннен бері ағайын-туысты жағалап, кейбірі шатырда түнеп жүр.

Тілсіз жау барак үлгісіндегі тұрғын үйлердің бірінде тұтанған. Қызыл жалынның аумағы әп-сәтте ұлғайып, онға жуық пәтердің шатырын күлге айналдырған. Ал өрттің салдарынан қазір екі бірдей баспана тұруға жарамсыз болып қалды. Оның ішінде тұрмыстық техникадан бастап, көлікке дейін зақым келген.

САБИРА ҚОЛДАСОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Үйіме кіре алмаймын. Суы ағып жатыр. Әлі де ағып жатыр, «натяжной потолоктың» іші тола. Енді түпкір тамда әлі толып тұр. Оны тесу керек. Көрпе-төсектің бәрі су. Бәрін жайып жатырмыз.

Ай-күнің аманында далада қалған қараша қазір туған-туыстың үйін паналап жүр. Кейбірі қалта қағып жалдамалы пәтерге жайғасса, енді бірі амалсыздан есік алдына шатыр тігіп, сонда түнеуге мәжбүр.

АХМЕТЖАН ЖАМАЛБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Палаткада тұрып жатырмыз. Туған-туысқандары барлар сол туған-туысқандарының үйінде тұрады. Біреу тамақ та істеп бермейді бұл жерде. Ешқандай көмек мүлде жоқ.

Артымызша оқиға орнына жеткен қала әкімі бүлінген баспаналарды аралап көрді. Тұрғындармен тілдесіп, тиісті көмек тергеу амалдары аяқталғаннан кейін көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ тұрғындардан түсіністікпен қарауды сұрады. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қазір далада қалған ешкім жоқ. Өрттен кейін екі отбасы арнайы орталыққа орналастырылған. Алайда қалған тұрғындар ол жақтан бас тартып, жақындарының үйлеріне кетіпті.

БАҚЫТЖАН ОРЫНБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:

Екі күнде толық өзінің тергеу амалдарын аяқтайды. Бізге нәтижесін береді. Соны негізге ала отырып, біз төлемдердің көлемін анықтаймыз. Оған дейін ол қорытынды біздің қолға тимей, біріншіден, төлемдерді жасай алмай отырмыз. Екіншіден, құрылыс жұмыстарын, қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастай алмай отырмыз.

Өрттен бері бес күн өтсе де, әлі тілсіз жаудың неден тұтанғаны белгісіз. Белгілісі — құтқарушылар 250 шаршы метр аумақты екі сағатта сөндірген. Оған 9 техника мен 37 адам жұмылдырылған. Енді өрттің себебі мен шығыны осы аптада анықталмақ.

← Барлық жаңалықтар