Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 8 қаралым

Ауыл жастарының сайысы

Асық ойнаған азбайды, волейбол ойнап, доп тепкен де көштен қалмайды. Жақында ғана күллі жұрт Көшпенділер ойыны өтіп жатқан Қырғызстанға көз тіккен еді, енді бүгін ауыл-аймақтың назары Ақтөбеге ауды. Өйткені батыста Ауыл жасөспірімдерінің бесінші жазғы ойындары басталды. Дүбірлі додада қай ауылдың жастары оза шапты? Спортшылардың бабы қалай?

Жекпе-жек сарайының үлкен алаңын асықшыларға беріпті. Сақасын шиырып, көздеп тұрып шақ еткізіп ұрып, көннен шығарса жігерленіп, ал тимей қалса, ұнжырғасы түсіп кеткен спортшыларды байқадық. Бірақ жаттықтырушының жігерлі сөзі мен жанкүйердің қолпашы оларға қайта қанат бітіргендей. Түркістан облысының Теспе ауылынан келген Нұрбақытты жарыстың фавориттерінің бірі деуге болады. Ол асық атудан үш дүркін ел чемпионы. Бұл жолғы додаға әйгілі ақ сақасын ала келіпті.

НҰРБАҚЫТ ҚҰТТЫБАЙ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Қазір ойнамайды, бұрын көше-көше болып ойнайтын едік. Біздің ауылымызға Оралхан Айдарханұлы деген ағайымыз келді. Сосын осындай үйірме ашты, балалар жайлап келе бастады. Мен сол кезде барып, шынықтым. Көшпенділер ойынына алдағы уақытта шығып, ұлттық құрамада Қазақстанның қоржынына алтын қосқым келеді.

Кешегі Көшпенділер ойындарындағы спортшы аға-апаларының жеңісі ауыл жастарын кәдімгідей жігерлендіріпті. Біз әңгімеге тартқан ұл-қыздар соларға ұқсап бағамыз дейді. Инабат Амантай бес асықтан Ақтөбенің намысын қорғайды.

ИНАБАТ АМАНТАЙ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Қарсыластарымның бәрі — мықты. Барлығы таныс қыздар. Ең ішінде мықтысы — Түркістан мен Қызылорда деп ойлаймын. Көшпенділер ойыны бізге үлкен мотивация болды. Себебі біздің өзіміздің үлкен буын бес асық атудан жарысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болған еді. Біз солардың артынан асық ату ойынын әрі қарай дамытуымызға болады.

Аты — республикалық, заты бұқаралық спортты насихаттауға арналған бұл жарыс осымен бесінші мәрте өтіп жатыр. Ақтөбеге 17 облыстан екі жарым мың спортшы келіпті. Әрқайсысы — өз өңірінің мықтысы.

ЕРМЕК ҚОСПАНОВ, ҚР ТЖСМ СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Бұл жарыстың мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, ауыл жастарының республикалық деңгейде нәтижелерін жақсарту, тәжірибе алмасу, сонымен қатар өңірдегі, республикалық деңгейде спорт резервін қалыптастыруда ерекшелігі бар.

Жарыс бір аптаға созылады. Қатысушылар спорттың он түрі бойынша бақ сынайды. Оның арасында ұлттық спорт түрлерінен бөлек, волейбол, баскетбол, футбол да бар.

← Барлық жаңалықтар