Мемлекет басшысы 2025 жылғы Жолдауда экономиканы цифрландырып, адам капиталын дамыту жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Бұл бағытта білім беру саласына үлкен жауапкершілік артылып отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен жиында осы жұмыстардың алғашқы нәтижелері пысықталды. Оқу орнында заман талабына сай жаңа мамандықтар ашылып, студенттер қабылданып жатыр.
МАРҒҰЛАН ИБРАИМОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ:
Былтыр ғана «Жасанды интеллект» мамандығын аштық. Ол көп жерде жоқ қазір. Ол тек қана бір диплом ғана алмайды. Қытайдың алдыңғы қатарлы университеттерінің бірі Солтүстік политехникалық университетімен бірге екі диплом алып шығады. Ол үш деңгейге де жүргізіледі. Бакалаврда жасанды интеллект, магистратурада жасанды интеллект, IT, электроника, әртүрлі бағыттарда ашылған 4 мамандық және докторантурада да бар.
Университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық технологияларды оқу үрдісіне енгізу қарқынды жүруде. Шараға 1-курс студенттері, соның ішінде «Алтын белгі» алып, халықаралық олимпиадаларда топ жарып, осы оқу орнына түскен шәкірттер қатысты. Ал жоғары курстағылар жасанды интеллектінің арқасында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жеңілдей түсті дейді.
ЕРСҰЛТАН МЫҢЖАСАР, ТАРИХ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ 3-КУРС СТУДЕНТІ:
Біз археологиялық экспедиция немесе музейлерге барған кезде міндетті түрде технология қолданамыз. Жасанды интеллект сол технологияны, сол бір артефактіні табуға, мысалы, бір артефактіні зерттеуге бір жыл кетсе, қазір артефакт зерттеуге жарты жыл немесе үш айдың ішінде келеміз. Өйткені жасанды интеллект біздің жұмысымызды әлдеқайда жеңілдетіп жатыр.