Елдестірмек елшіден! Сегіз мемлекеттің жаңадан тағайындалған елшісі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсырды. Тәуелсіздік сарайында өткен рәсімде Мемлекет басшысы Қазақстанның бейбіт әрі теңгерімді сыртқы саясат ұстанатынын атап өтті. Енді дипломаттарға елдер арасындағы саяси диалогты нақты экономикалық жобалармен толықтыру міндеті жүктелді.
Тәуелсіздік сарайы, сағат 11-дің шамасы. Екі елді елдестіретіндер ресми түрде қызметтеріне кірісуге сақадай сай. Залға Мемлекет басшысы кірген соң сегіз мемлекеттің Төтенше және Өкілетті елшілері бірінен соң бірі сенім грамоталарын табыстады. Бүгіннен бастап Мысыр, Швейцария, Эстония, Оман, Мажарстан, Гвинея-Бисау, Нигерия және Данияның дипломаттары өз елдері мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге күш салмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен елшілерге ілтипат білдірді. Сосын қазіргі геосаяси ахуалға тоқталып, алмағайып заманда мемлекеттердің өзара ықпалдастығы ерекше маңызды екенін айтты. Қазақстанның бейбіт бағыт ұстанып, теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізетінін атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бүгін – шын мәнінде, елдеріңіздің өкілі ретінде сіздер үшін де, Қазақстан Республикасы үшін де өте маңызды күн. Осы орайда барлығымыз бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет екеніне сенімдімін. Өйткені Қазақстан бейбітсүйгіш ел саналады. Біз теңгерімді және сындарлы сыртқы саясат ұстанамыз. Ел ішінде реформа жүргізуге қолайлы жағдай жасауға ұмтыламыз.
Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі, мемлекеттік органдар мен Президент резиденциясының есігі дипломаттар үшін әрдайым ашық болатынын айтты. Бұл – елшілердің бастамалары мен бірлескен жобаларын қолдауға Қазақстан тарапы әркез дайын деген сөз.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Сенім грамотасын тапсыру – хаттамалық рәсім ғана емес. Бұл мемлекеттер арасындағы саяси сенімнің белгісі. Ендігі міндет – сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстардың бойына жаңа қан жүгіртіп, халықтар арасындағы қарым-қатынасты одан сайын арттыру.
Қазақстан мен Оман арасындағы байланыс соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Екі мемлекет саяси диалогты жалғастырып, сауда, инвестиция, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі. Оманның жаңадан тағайындалған елшісі елімізде бұған дейін де қызмет етіпті. Енді елші болып келгеніне ерекше қуанышты екенін жеткізді.
САЛАХ ДЖАБУБ, ОМАН СҰЛТАНДЫҒЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:
Мен Қазақстанда бұған дейін де дипломат ретінде жұмыс істеп, елшілікте екінші басшы қызметін атқардым. Енді осы елге елші болып тағайындалдым. Көрікті Астанаға, ғажайып Қазақстанға қайта келгеніме өте қуаныштымын. Қазақ халқы өте мейірімді әрі қонақжай. Мұнда 2019 жылдан 2022 жылға дейін қызмет еттім. Сол тәжірибем елшілік қызметіме көмектесетіні сөзсіз. Жақын арада қазақ тілін де үйрене бастаймын.
Сегіз дипломаттың әрқайсысына жүктелген міндет ортақ: саяси келісімдерді нақты нәтижеге айналдыру. Бұл – өзара сауданы арттыру, инвестициялық жобаларды іске қосу және халықтар арасындағы байланысты тереңдету. Ал бүгін табысталған сенім грамоталары осы жұмыстың ресми басталғанын білдіреді.