Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 11 қаралым

Әлем жаңалықтары

Азия елдеріне ашаршылық қаупі төніп тұр ма? Сары құрлықтың бірнеше аймағында табиғи апаттардың кесірінен азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін. Ал оның соңы жаппай ереуілдерге ұласуы ықтимал. Сарапшылардың болжамына сәйкес, Азияның оңтүстік-шығысында «Эль-Ниньо» деп аталатын дауыл жақындап келе жатыр. Жел ертең мемлекеттердің экономикасын шайқалту қаупі бар.

АҚШ ШЫҒЫН КӨЛЕМІН ЖАРИЯЛАДЫ

Алты айдан бері Парсы шығанағына қырғидай тиіп жатқан Америка осы уақытқа дейінгі шығын мөлшерін жариялады. Пентагонның дерегінше, Ақ үй Аятолла режимімен күреске 45 млрд доллар құйыпты. Десе де жұмсалған қаржы бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені тізімге Иранмен қақтығысқа қатысы бар кейбір шығындар кіргізілмеген. Мысалы, АҚШ әскері бір ғана жанармай жағамыз деп 1,5 млрд доллардың басына су құйған. Пентагонның жаңа есеп-қисабы Конгрестің Бюджет басқармасының деректерімен сәйкес келмеді. Себебі олар тамыздың басында Дональд Трамп бас-аяғы 38 млрд доллар жаратты деген болжам ұсынған. Енді Иранмен қақтығыс күн өткен сайын экономикалық дағдарысқа әкеле жатыр. Сарапшылар бұдан былай Ақ үй Парсы шығанағындағы әр ай сайын кемі 2 млрд доллар жұмсайды деген болжам жасады.

ФРАНЦУЗДАР ЕРЕУІЛГЕ ШЫҚТЫ

Жол-көлік оқиғасынан басталған қақтығыс. Францияның орталығында қарапайым авария бүлікке себеп болды. Сен-Пьер-де-Кора ауданының тұрғындары жергілікті тәртіп сақшыларымен жаға жыртысты. Ал төбелестен 8 полицей жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген күдікпен 5 азамат қамауға алынды. Негізі, даудың басы мотоциклшілерден басталған екен. Байкке құмар азаматтар погондылардың бұйрығына бағынбай, жол ережесін өрескел бұзған. Ал оларды жақтаған жергілікті тұрғындар төбелеске араласқан. Көп ұзамай ашынған халық екі патруль көлігін аударып, өртеп жіберген. Жағдай ушығып бара жатқанын түсінген билік елді мекенге арнайы жасақ шақыруға мәжбүр болды. Мұндай оқиғалар Франция үшін үйреншікті жағдай. Бұған дейін Әлем біріншілігінің жартылай финалынан соң жергілікті жанкүйерлер Париж көшелерінде ойран салған еді.

ЗЫМЫРАН ҰШЫРДЫ

Ким режимі халықаралық қауымдастыққа доқ көрсетуін тоқтатар емес. Солтүстік Корея бас-аяғы 3 сағаттың ішінде түбектің солтүстігіне қарай 2 бірдей баллистикалық зымыран ұшырды. Орта қашықтыққа арналған қару Оңтүстік Корея барлау қызметінің алғаш рет назарына ілінген. Бұл Пхеньянның бір жұма ішінде өткізген екінші сынағы. Зымыран шамамен 450 шақырым ұшып өтіп, ашық мұхитқа құлаған. Абырой болғанда, Жапонияға тиесілі аймақтарға жетуге таяқтастам жер қалыпты. Ал Солтүстік Кореядан қандай да бір құрылғы көкке көтерілсе, көрші жатқан бірнеше мемлекет жандарын шүберекке түйіп отырады. Мәселен, бұл жолы АҚШ, Оңтүстік Корея мен Жапонияның барлау қызметтері бір-бірімен минут сайын ақпарат алмасып, зымыранның бағытын аңдып отырған. Ал осы жаттығу бойынша ресми Сеул де көршілеріне наразылығын айтып үлгерді. Оңтүстік Корея ата жауларының бұл әрекеті БҰҰ қарарына қарсы екенін жеткізді.

ШЕТЕЛДІК ОҚУШЫЛАРҒА ШЕКТЕУ

Еуропа мемлекеттері шетелдіктер үшін шектеу енгізе бастады. Италия Үкіметі мектептерде өзге елдің азаматтарының білім алуын тежейтін заң жобасын дайындап жатыр. Бұдан бөлек жаңа құжат бойынша мектеп оқушыларының оранып жүруіне де тыйым салу көзделген. Бұл туралы Италия премьер-министрі Джорджия Мелони мәлімдеді. Сондай-ақ бұдан былай Аппенин түбегінде тұрып жатқан шетел азаматтарына да итальян тілін білу міндеттелмек. Бірақ жоба әлі толық дайын емес. Мәселен, бір сыныпта шетел азаматтарының саны неше адамға дейін қысқаратыны нақтыланбаған.

← Барлық жаңалықтар