Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 17 қаралым

Сәтбаевта шахтадан өрт шықты

Ұлытау облысында шахта өртенді. Төтенше жағдай Сәтбаев қаласына жақын жердегі «Оңтүстік Жезқазған» кенішінде болған. Алдымен сыртындағы үлкен мұнара отқа оранған. Құтқарушылар жалынды ауыздықтағанымен, тілсіз жау төмен қарай, өндіріс орнының ішіндегі ағаш тіреулерді шарпыған. Қауіпсіздік үшін көршілес жатқан шахтаның жұмысы дереу тоқтатылып, 152 адам қауіпсіз жерге шығарылыпты.

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ХАБАРЛАМАСЫНАН:

22 қыркүйекте Сәтбаев қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан, 2025 жылдан бері пайдаланылмай тұрған №45 шахтаның аумағында мұнаралы копердің ағаш конструкциялары өртенді. Өрт аумағы 50 шаршы метрді құрады. Барлау барысында мұнаралы копердегі өрт шахта оқпанының жер астындағы ағаш конструкцияларына таралғаны анықталды. Өртті сөндіруге Ұлытау облысы ТЖД-ның 35-ке жуық қызметкері мен 10 бірлік техникасы, сондай-ақ ЖАСО тау-кен құтқарушылары жұмылдырылды. Өрт толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.

← Барлық жаңалықтар