Халықаралық ұйымнан жеткен мақтау.
FIDE Қазақстанның әйелдер шахматын дамыту жолындағы еңбегін жоғары бағалады. Күні кеше отандық шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова ел спортын өркендетудегі қажырлы қызметі үшін осы айтулы марапатқа ие болды. Еліміздің мәртебесін асқақтатқан алғыс хат 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында табысталды. Айта кетейін, Гүлмира Дәулетова Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының қола жүлдегері, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, бойжеткендер арасындағы Азия чемпионы және Азия ұлттары кубогының жүлдегері.
Гүлмира Дәулетова, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:
Қазақстанда әйелдер шахматын дамытуға баса мән берілген. Ел чемпионатында ерлер мен әйелдердің жүлде қоры теңестірілген. Бұл, сөзсіз, біз үшін үлкен мақтаныш. Сонымен қатар әйелдерге арналған ауқымды іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз. Ұлттық құрамаға, дарынды жастарымызға гранттар бөліп, бойжеткендерді қолдаудың озық жүйесін қалыптастырдық. Еңбегімді жоғары бағалағаны үшін Халықаралық шахмат федерациясына шын жүректен алғыс айтамын.
Маржан Нүсіпбек