Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 1 қаралым

Теңіздегі трагедия

14 сарбаздың өліміне кінәлілер анықталды. Ішкі істер министрлігі болған жайтқа басымен жауапты бес адамның ұсталғанын мәлім етті. Олардың арасында Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары да бар. Тағы кімдер жауапқа тартылады? Аман қалған сарбаздардың жағдайы қалай?

Өң мен түстің арасындай есірік халде аурухана төсегіне таңылған Ақжол Темірәлиев бұл. Теңіздегі жанталастан жаны аман қалған ұлынан ата-анасы бір елі ажырамақ емес. Өйткені өкпек желдің өтінде кемемен ашық айдынға аттанған жігіттердің тек үшеуі ғана аман қалған. Қалған екеуінің денсаулығында кінәрат жоқ дейді дәрігерлер.

ТИМУР ТЕМІРӘЛИЕВ, ӘКЕСІ:

Бүгін жаңа таңертең палатаға ауыстырды. Аман-сау жаңа кіріп шықтым. Қасында болдым, отырдым, әңгімелестім. Көрейін деп тұрған жарығы бар шығар. Өте қатты қайғылы жағдай. Мұның бәрін сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Баламның қасында бір жылдан бері бірге болған, қасындағы дос, бауыр болып кеткен сарбаздар ғой.

Ал теңіздің тұңғиығына кеткен сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денесі бүгін табылды. Тәулік бойы тыным таппаған сүңгуірлер таңғы сағат тоғыздар шамасында марқұмдардың мүрделерін су бетіне алып шыққан. Өкінішке қарай, айдың күннің аманында 14 сарбаздан айырылдық. Ал адам өміріне атүсті қарағандарға қатаң жаза берілмек.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тергеу барынша мұқият, жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізілетін болады. Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап беретін болады. Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды. Қаза тапқан сарбаздардың отбасына қомақты көмек көрсетіліп, барлық қажетті қолдау көрсетілетін болады.

Ботадай боздаған жандарға Қанат Бозымбаев басу айтты осылай. Мұқым ел өре-түре келгенде желдің қатты болғанын айтып, жаланы жансызға жабуға тырысқан еді жауаптылар. Алайда арада күн өтпей Бас прокуратура сарбаздардың қауіпсіздігіне салақ қарағандарды анықтады. Кешеден бері 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алып, құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленген. 12 сараптама тағайындалыпты.

ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ:

Қызметке салғырт қарады деп күдік келтірілген, сондай-ақ метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау мен қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етпеген, құтқару жұмыстарын тиісінше ұйымдастырмаған, соның салдарынан адамдардың қаза болуына әкеп соққан лауазымды тұлғалар анықталды. Тергеу барлық күдіктілердің әрекеттеріне толық құқықтық баға беріп, оларға қатысты процестік шаралар қабылдайды.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Қатерді ескермеген катердің командирі мен жаяу әскерге жауапты рота басшысы да күдікке ілінді. Енді мұқым елді мұңға батырған Маңғыстаудағы жайттың жай-жапсары майшаммен қаралмақ. Өйткені теңіз трагедиясын тергеуге жауаптылар тайлы-тұяғымен кіріскен. Ал қасиетті борышын атқарып жүріп қаза тапқан әскери қызметшілердің денелері туған жерлеріне жеткізіліп жатыр.

← Барлық жаңалықтар