Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 5 қаралым

$8,2 млрд инвестиция келе жатыр

Қазақ-қытай инвестициялық форумы екі елдің іскер топтарының тікелей байланысын күшейтетін тұрақты алаңға айналуы керек. Күні кеше Алматы шаһарында өткен жиында 600-ден астам делегаттың басы қосылды. Қос мемлекет арасындағы стратегиялық қарым-қатынастың маңызы зор болғандықтан, осы жолғы отырысқа Мемлекет басшысы арнайы қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі екенін атап өтті. Шығыстағы көршімізбен арадағы тауар айналымы 50 млрд долларға жуықтаған. Ендігі мақсат – осыны екі есе ұлғайту.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Үкіметтеріміз бұл көрсеткішті 100 миллиард долларға дейін жеткізу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Инвестиция саласындағы ынтымақтастығымыз да тұрақты дамып келеді. Қытай Қазақстан экономикасына 29 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Осылайша, еліміздің аса ірі инвесторларының біріне айналды. Қазір Қазақстанда Қытайдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде.

Сондай-ақ Президент өнеркәсіп саласындағы ықпалдастықты дамытудың маңызы зор екенін жеткізді. Бүгінде осы бағытта құны 62 млрд долларға жететін ірі жобалар жүзеге асырылып үлгерген. Осындай өзара келісімдердің тағы бір дәлелі – Жамбыл облысындағы жүгері өңдейтін зауыттың іске қосылуы. Форум барысында бұл нысанның жұмысын Тоқаев өзі бастап берді.

Әрине, мұндай келіссөздер мен форумдар отандық өндірушілердің кәсібін дөңгелетуге, жұмыс орындарын ашуға, мемлекет қазынасына қаржы құюға жол ашатыны сөзсіз. Әсіресе нанотехнологияның отанына айналған Қытайдың еліміздегі цифрландыру саласына қосар үлесі басым.

ҚАЙРАТ БЕКЕНОВ, «ALMATY INVEST» ИНВЕСТИЦИЯЛАРДЫ ТАРТУ ЖӘНЕ СҮЙЕМЕЛДЕУ ОРТАЛЫҒЫ» ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Алты жобаға байланысты 380 млрд теңге жобаға қол қойылған. Ең негізгісі – бұл экологиялық, ІА және қонақүйлерге байланысты жобалар басталып кетті. Бізде тартылған компания тек құрастыруға қатысты емес, сонымен қоса реинжиниринг компанияларды да тартып жатырмыз. Бүгінгі таңда роботтарға байланысты СЭС ПИТ-тің ішінде жоба басталып кетті. Ең негізгісі, осы жылда Алматыда 30 мектепте роботтар құрастырылып, жұмыс істейтін болады.

Осылайша, форум аясында жалпы сомасы 8,2 миллиард доллар болатын 50 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Нақтырақ айтсақ, тараптар Абай, Ақмола, Түркістан облыстарында өнеркәсіп ошақтарын салуға уағдаласты. Қытай бизнесі Қазақстанның инвестициялық келешегіне толық сенім артатынын және тың бағыттарда жұмыс істеуге ниетті екенін атап өтті.

← Барлық жаңалықтар