Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 9 қаралым

Жұмыссыздарға да жәрдемақы бар

Елімізде әлі мұғалімдер, дәрігерлер, ауыл шаруашылығы саласының мамандары тапшы. Биыл сұранысқа ие профессиялар тізімінде мемлекеттік басқару мен өңдеуші өнеркәсіптегілер де бар. Үлкен компаниялар, мемлекеттік мекемелер мен түрлі ұйымдарда қызметкер қат болса да, жұмыс таппай сенделіп жүргендер де жоқ емес. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылдың 1-тоқсанында елде екі қолға бір күрек таппай жүргендердің үлесі 4,5 пайызды құраған. Ал нәпақадан айырылып, ас-суға ақша таппай қиналғанда мемлекеттен берілетін қолдау барын кейбірі білмейді. Жұмыссыздарға берілетін жәрдемақыны алудың да өз талаптары бар. Төрт күннен кейін ережесі тағы өзгереді. Оны «Керек дерек» айдарында әріптесім Жанар Арғынова айтып береді.

20 жылдан астам уақыт бойы мәдениет саласында қызмет еткен Дариға Серікқызы елордаға қоныс аударған кезінде бірден екі қолға бір күрек таба алмайды. Бастапқыда жаңа қалаға сіңісу оңайға соқпапты. Дайын тұрған жұмыс та жоқ. Осы сәтте ол мемлекеттен берілетін әлеуметтік төлемді алуға өтініш білдіріпті. Еңбек өтілі ескеріліп, жәрдемақыға бірден іліккен. Айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау қиын кезеңде күнкөріске ғана емес, жаңа жұмыс орнын іздеп, алға қадам басуына сеп болған.

ДАРИҒА КҮЛЕКЕШОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Өзімнің қалауым бойынша мәдениет саласынан жұмыс іздегенмін. Сол кезде жұмыссыз қалған уақытым бар. Және де өзімнің де тәжірибем бар, жұмыссыз қалған уақытта жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны екі рет қайта алғаным бар. Еш уайымсыз, барынша келесі жұмысқа дейін дайындалып, моральдық тұрғыда да, қаржылық тұрғыда да көмек. Ол өте үлкен қолдау әр адамға, әрбір жұмыссыз қалған азаматқа.

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Мемлекет тарапынан берілетін осындай көмектің бар екенін көпшілік біле бермеуі мүмкін. Табысынан айырылғандарға қолдау тұрақты көрсетіліп келеді. Оған дәлел, бүгінде 300 мыңнан аса адам осы төлемді алып отыр. Жауапты министрліктің хабарлауынша, 1 қазаннан бастап жәрдемақыны беру тәртібіне бірнеше өзгеріс енгізілмек.

314 455 адам жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алып отыр. 1.10.2026.

РАУАН БАЛУАНБЕКОВ, ҚР ЕЖХӘҚ МИНИСТРЛІГІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Оның негізгі мақсаты – жұмыссыз азаматтарды сүйемелдеуді жақсарту. Яғни негізгі жұмыссыздық мәртебесін бергенге дейін жұмыс іздеу уақытын 2 күннен 13 күнге дейін ұзартады.

Сондай-ақ келесі жылдан бастап әлеуметтік төлемнің максималды шегі белгіленеді. Оның көлемі ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 45 пайызын құрайды. Яғни 267 мың теңгеден аспауы тиіс. Бұдан бөлек, жәрдемақының мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқарады. Осы тұста ескеретін жайт, қаржылай көмек жұмыссыз қалған азаматтың әлеуметтік аударымдарына байланысты тағайындалады. Яғни жәрдемақыны бөлу кезінде әлеуметтік сақтандыру жүйесіне соңғы 24 айда жіберілген жарна көлемі ескеріледі.

85 000 * 7 = 595 000. 595 000 / 45% = 267 750 теңге. 6 айдан 3 айға қысқарады. МӘСҚ жүйесіне соңғы 24 айдағы аударымдар есептеледі.

РАУАН БАЛУАНБЕКОВ, ҚР ЕЖХӘҚ МИНИСТРЛІГІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Төлем мерзімі әлеуметтік төлемнің аударымының төленген уақытына байланысты. Яғни 6 айдан 12 айға дейін аралығында әлеуметтік аударым төленсе, онда әлеуметтік төлем 1 айға тағайындалады. 12 айдан 24 айға дейін төленсе, әлеуметтік төлем 2 айға, 24 және одан да көп айға төленсе, әлеуметтік төлем 3 айға тағайындалады. Міндетті түрде жұмыссыз ретінде тіркелу қажет және әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуы қажет.

Осы ретте экономистер мұндай өзгерістерде шетелдік тәжірибе бар екенін айтады. Яғни төлем уақытының қысқаруы мен шекті мөлшерлеменің енгізілуі сапалы жұмыс іздеуге септігін тигізеді дейді.

НҰРЛАН СЕРІКҰЛЫ, ЭКОНОМИСТ:

Әлеуметтік үлгіні қалыптастырған швед моделін айтуға болады. Осы үлгінің ең жақсы жақтарын пайдалану керек. Себебі бізде қазір көріп отырсақ, жұмыссыздық бойынша жәрдемақының бұрын жоғарғы шегіне шектеу қойылмаған болғандықтан, қазір мемлекеттен бөлінетін қаржыны талан-таражға салмай, дұрыс пайдалануды қолға алып отыр ғой. Дамыған елдерде бұл бұрыннан қолға алынған.

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Ал енді жәрдемақыны алу тәртібі қандай? Рет-ретімен түсіндірейін. Ең алғашқы әрі маңызды қадамдардың бірі – жұмыссыздық мәртебесін алу. Яғни сіздің қолыңызда табыс көзінсіз қалғаныңызды растайтын құжат болуы керек. Ол үшін Enbek.kz порталына тіркелесіз. Иә болмаса «Мансап» орталығына барып, өтініш бересіз. Бірақ ескерер бір жайт бар.

Жұмыссыздық мәртебесін алу: Enbek.kz, «Мансап» орталығы.

АМАНБОЛ ДӘУЛЕТҰЛЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ «ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫ» КММ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Жұмыссыз ретінде тіркеле алмайды: 16 жасқа толмаған балалар, студенттер, жоғарғы сынып оқушылары, біздің жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысатын, зейнеткерлік жасындағы азаматтар, соттың шешімімен бас бостандығынан айырылған азаматтар, жалған көрінеу ақпарат берген азаматтар жұмыссыз ретінде тіркеуге алынбайды.

Өтінішпен қоса, жеке куәлік пен еңбек кітапшаңызды және дипломыңызды өткізесіз. Тіркелгеннен кейін «Мансап» орталығы азаматтың дипломы мен жұмыс тәжірибесіне және қалаған жалақы деңгейіне қарай бос жұмыс орындарын ұсынады. Көңіліңізден шығып жатса, жұмыс берушімен кездесіп, тағылымдамадан өтесіз.

АМАНБОЛ ДӘУЛЕТҰЛЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ «ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫ» КММ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Жұмыс берушілер шешім шығарады. Біздікі тек жұмыс орнын тауып беру, өзектілігін тексеру, жолдама береміз, әңгімелесуге жібереміз. Мысалы, барды, ол жұмысты ұнатпауы мүмкін, бізге келеді, біз басқа жұмыс ұсынамыз деген сияқты. Бізде жұмыс беруші жауап береді. Ол жерде өзінің кәсіби деңгейіне, еңбек өтіліне талаптар болады ғой тиісті. Соған байланысты кейде алмай жатады жұмыс берушілер.

Ал егер «Мансап» орталығы жұмыс іздеушіге көңілден шығатын, лайықты 3 қызмет түрін ұсынса, бірақ азамат одан бас тартқан жағдайда төлем алудан шеттетіледі. Талап бойынша 13 күн ішінде жаңа кәсіп табылмаса, сізге жұмыссыз мәртебесі беріледі.

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Осыдан кейін жәрдемақыға өтінім бере аласыз. Оны бірнеше әдіспен жүзеге асыруға болады. Яғни банк қосымшалары немесе Enbek.kz, eGov.kz порталдары арқылы сұраным бересіз. Мәселен, көпшілікке таныс электронды үкімет платформасын алайын. Ең алдымен eGov.kz сайтына кіріп, «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдаңыз. Артынша электрондық қолтаңба, яғни ЭЦП арқылы жеке басыңызды растап, өтінімді рәсімдейсіз. Одан кейін сіздің телефоныңызға төлем тағайындау туралы SMS келеді. Егер келіссеңіз, жәрдемақы автоматты түрде беріледі.

Банк қосымшалары, Enbek.kz, eGov.kz, «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу», электрондық цифрлық қолтаңба, SMS.

← Барлық жаңалықтар