Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 4 қаралым

Қос алпауыттың диалогы

Қытай Халық Республикасының төрағасы АҚШ-қа мемлекеттік сапармен барды. Бұл оқиға әлем жұртының назарын өзіне аудартқаны рас. Екі күн бұрын болған саяси кездесу алдында Дональд Трамп өзінің мамырдағы Аспанасты еліне жасаған сапарында Си Цзиньпинмен арасы жылып, нағыз достық қалыптасқанын мәлімдеді. Ал көрші ел төрағасы өз кезегінде бұл жиын Қытай мен Америка арасындағы қарым-қатынастың жаңа стратегиялық бағыт-бағдарына жол ашқанын айтты. Жақсы сөз жан семіртеді, әрине, алайда Тайвань мен Иран мәселесі төңірегінде не айтылды? Технологиялық бәсеке турасында сөз болды ма?

Төрткүл дүние мұхиттың ар жағына көз тігіп отыр. Дональд Трамп араға 11 жыл салып АҚШ-қа ат басын бұрған Қытай төрағасы Си Цзиньпинді қарсы алды. Мәртебелі мейманға жоғары деңгейдегі құрмет көрсетіліп, салтанатты рәсімдер өтті. Келіссөздер барысында екі ел басшылары сауда-саттық, жасанды интеллект және қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Ақ үй басшысы қос мемлекеттің экономикалық байланысында оң динамика бар екенін атап өтті.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Президент Симен бірлесе жұмыс істей отырып, екі елдің алдында тұрған мәселелерді шешуде орасан зор жетістіктерге жеттік. Былтыр мамыр айындағы сапарым кезінде Сауда палатасын құрдық. Бұл мүлде жаңа тетік және ол өз тиімділігін көрсетті. Қазір біздің командаларымыз сауда қатынастарын теңгерімді ету үшін жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде америкалық фермерлер мен мал шаруашылығы өндірушілері үшін Қытай нарығына жаңа мүмкіндіктер ашу мәселесі де бар.

Өз кезегінде Си Цзиньпин Вашингтон мен Бейжің арасында адал бәсекенің болуы ерсі емес деді. Қытай басшысының сөзінше, әлемнің ең ірі екі экономикасы текетірестен тек зардап шегеді, сондықтан қақтығысқа жол бермей, өзара түсіністікке ұмтылу маңызды.

СИ ЦЗИНЬПИН, ҚХР ТӨРАҒАСЫ:

Бұған дейін айтқанымдай, Қытай мен АҚШ сияқты ірі державалар ынтымақтастықтан ұтады, ал текетірестен ұтылады. Бәсекелестік бар екенін мойындаудан қашудың қажеті жоқ. Бірақ бұл бәсекелестік оң сипатта болып, белгілі бір шеңбермен шектелмеуі керек. Бұл бір-бірімізді басып озуға ұмтылған жарыс болуы тиіс. Бір тарап жеңіп, екінші тарап жеңілетін күреске айналмауы керек. Қытай мен АҚШ өзара қақтығыс пен текетіреске жол бермеу қағидатын ұстануы қажет.

Дегенмен сарапшылар жоғары деңгейдегі бұл кездесуден айтарлықтай үлкен серпіліс күтпейді. Тайвань, Иран және технологиялық бәсеке секілді күрделі түйткілдер бойынша жаңа келісімдер жасалған жоқ. Мамандардың пікірінше, бұл саммит ең алдымен екі алып державаның арадағы диалогты үзбей, жаңа «қырғи-қабақ соғысқа» жол бермеу ниетін білдіреді дейді.

ХАК ИНЬ ЛИ, ТОКИО ХАЛЫҚАРАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

Бұл саммит Қытайдың Құрама Штаттармен қарым-қатынасты үзуге ниетті еместігін көрсетеді. Олар байланыс арналарын ашық ұстайды, сондай-ақ өз дипломатиясын жүргізе береді. Меніңше, бұл кездесу әлемге екі елдің соғыспайтынын, бұл жаңа қырғи-қабақ соғыс болмайтынын ұқтырады. Дегенмен түрлі мәселелер бойынша олардың ұстанымдары мен шешімдері әртүрлі бола береді.

Осылайша, Вашингтондағы кездесу қос державаның саяси қайшылықтарға қарамастан дипломатиялық байланысты үзуге мүдделі еместігін көрсетті. Түйінді мәселелер бойынша нақты келісімдер жасалмаса да, АҚШ пен Қытай жаһандық тұрақтылық үшін диалогты жалғастыруды құп көріп отыр. Алдағы уақытта бұл екі алып экономиканың геосаяси қадамдары мен өзара сауда байланысы әлем назарында қала бермек.

КЕЛІСЕ МЕ, КЕРІСЕ МЕ?

АҚШ осы күндері саяси алаңға айналды. Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Бас Ассамблеяның 81-сессиясы өтіп жатыр. Жаһандық жиынның басты тақырыптарының бірі – Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыс. Мінберге шыққан АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты қатаң мәлімдеме жасады. Ол Тегеранмен бейбіт келісімге қол жеткізбесе, Ислам Республикасын «жер бетінен жойып жіберемін» деп ескертті.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен маңызды шешім қабылдауым керек. Иранмен келісім жасасып, оларға елін қайта қалпына келтіруге және бұрынғыдан да ұлы мемлекет құруға мүмкіндік беремін бе? Немесе Ислам Республикасын тез арада жойып, адамдар мен елдерді қайта қиратуына еш мүмкіндік қалдырмаймын ба? Бірақ мен сайлаудан кейін бірден келісімге келеміз деп сенемін, өйткені басқаша болуы олар үшін тиімсіз.

Ал Иран президенті Масуд Пезешкиан Вашингтонның бұл қоқан-лоққысына көп күттірмей жауап қатты. Ол Тегеранның ешқашан берілмейтінін, алайда дипломатиялық жолды қолдайтынын жеткізді. Бас Ассамблея аясында екі ел өкілдері шілде айынан бері алғаш рет делдалдар арқылы жанама келіссөздер жүргізген.

МАСУД ПЕЗЕШКИАН, ИРАН ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің халық Иранды соғыспен бағындыру мүмкін еместігін жақсы біледі. Біз ешқашан соғысты бірінші болып бастамаған және әрдайым келіссөздер процесіне бейім екенімізді көрсетіп келеміз. Халқымызға бағытталған мұндай қоқан-лоқы бізді тек біріктіре түседі, күшейтеді. Иран халқы күштінің алдында бас имейді.

Айта кетейік, ақпан айында басталған қарулы қақтығыс жеті айға жуықтады. Осы уақыт ішінде мыңдаған адам көз жұмып, жаһандық энергия тасымалы бұзылды. Ал соғыс өрті Таяу Шығыстағы басқа елдерге, соның ішінде Ливан мен Йеменге де жайылып барады.

ТАУҚЫМЕТІ ТАУСЫЛМАҒАН ЕЛ

БҰҰ штаб-пәтері орналасқан Манхэттенде наразылық акциясы өтті. Шеруге танымал актерлер мен белсенділер қосылды. Олар Израильге қару-жарақ беруді тоқтатуды және салық төлеушілердің ақшасын бомбаға емес, ішкі экономика мен тұрғын үйге жұмсауды талап етті. Шеру Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Бас Ассамблеядағы сөзіне орайластырылған.

СТЕФАНИ ФОКС, БЕЙБІТ ШЕРУШІ:

Мұндай тарихи қатыгездіктер кезінде осы жерде болу маңызды. Израиль күн сайын палестиналықтарды өлтіріп, балалар үйінді астында қалып жатқанда, біз келіп: «Біздің атымыздан емес, біздің есебімізден емес, Израильді қаруландыруды дәл қазір тоқтатыңдар» деп айтуымыз керек.

Газадағы жағдай БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінде де қызу талқыланды. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған аймақтағы қантөгіске көз жұма қарау мүмкін еместігін айтып, Қауіпсіздік Кеңесін реформалауға шақырды.

РЕЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жүрегінде адамгершілігі мен мейірімі бар, әділеттілік пен ар-ұжданды ту еткен ешбір жан бұл шындыққа көз жұма қарай алмайды. Бәріміздің сай-сүйегімізді сырқырататын бұл көрініс мынаны аңғартады: осыдан 81 жыл бұрын бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл миссияны орындай алмай қалды немесе бұл мүмкіндіктен айырылды.

Франция президенті Эммануэль Макрон да Палестинадағы гуманитарлық дағдарысты қатаң сынға алды. Ол Израильдің қауіпсіздігі көршілерінің егемендігін бұзу арқылы қамтамасыз етілмейтінін ескертіп, гуманитарлық дәліздердің әлі күнге дейін ашылмағанына налыды.

ЭММАНУЭЛЬ МАКРОН, ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Газадағы жағдайға қол қусырып қарап отырғанда қандай бедел туралы айта аламыз? Кейбіреулер бейбітшілік орнады деп мақтанады, бірақ ол гуманитарлық тасымалды бір секундқа да жандандырған жоқ. Бәрімізге масқара әкелетін бұл көріністі сырттай бақылап тұра беруіміз керек пе? Бұлай болмайды.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мінберге көтерілген сәтте бірқатар елдің делегаттары қарсылық білдіріп, Ассамблея залын тастап шығып кетті. Дипломатиялық бойкотқа қалған Израиль үкіметінің басшысы залда қалғандарға былай деп тіл қатты.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Адамгершіліктен жұрдай қорқақтар бұл залдан әлі шығып үлгермеген болса, өтінемін, дәл қазір кетіңіздер.

2023 жылдың қазан айында ХАМАС ұйымының Израильге шабуылынан 1200-дей адам көз жұмса, одан кейінгі Газа секторындағы әскери қимылдар салдарынан 73 мыңнан астам адам қаза тапқан. АҚШ делдалдығымен жасалған атысты тоқтату келісімі айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Тараптар ХАМАС-ты қарусыздандыру және Израиль әскерін шығару шарттары бойынша мәмілеге келе алмағандықтан, әуе соққылары әлі де жалғасуда.

← Барлық жаңалықтар