Мазмұнға өту
· 16 қаралым

Пайдалы әріптестік, нық қадам

Немістің машина жасау тәсілдері Қазақстанға келеді. Суды үнемдеуді де солардан үйреніп, түрлі саладағы озық технологиясын бөлісетін болды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапарының алғашқы күнінде-ақ нақты нәтижелер бар. Қырмызы Жандос тарқатады.

Берлиндегі жүздесуден екі ел басшыларының өзара құрметі мен жылы қарым-қатынасы анық аңғарылды. Қарапайымдылық пен дипломатиялық әдеп үйлескен рәсімнің әр сәті хаттамаға сай өтті. Келіссөздерде Қазақстан мен Германия арасындағы әрқилы байланысқа тың серпін беру жағы қаузаалды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

2025 жылы екіжақты тауар айналымы 4,5 миллиард долларға жетті. Биыл да оң қарқын сақталып отыр. Жыл басынан бергі 7 айда өзара сауданың көлемі 2,6 миллиард доллардан асты. Қазақстанда неміс капиталы бар 1400-ден астам компания тіркелген. Жиырма жыл ішінде Германиядан тартылған инвестицияның жалпы көлемі 8 миллиард долларды құрады.

Бұл сапар Қазақстанға инвестиция тартумен ғана шектелмейді. Неміс технологиясын игеру, су мен энергияны үнемдейтін жүйелерді енгізу, мамандар даярлау және отандық өнімді Еуропа нарығына шығару көзделген. Соның бір мысалы – Қазақстанда отыз жылдан бері жұмыс істейтін Wilo компаниясының жобалары.

ЙЕНС ДАЛЛЕНДЁРФЕР, WILO КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Wilo компаниясы 150 жылдан астам уақыттан бері су тасымалдауға арналған сорғылар мен жасанды интеллектке негізделген суды үнемдеу жүйелерін өндіріп келеді. Қазақстанда зауытымыз, білім беру және логистика орталықтарымыз бар. Елдің мол ресурстары, халықтардың өзара түсіністігі және Қазақстанның жас әрі инновациялық бағыты неміс инвесторларына үлкен мүмкіндік ашады.

Компания Алматы маңында өндіріс орнын ашып, Павлодардағы дата-орталық пен елордадағы құрылыс жобаларына жабдық жеткізген. Қасым-Жомарт Тоқаев пен канцлер Фридрих Мерц қатысқан Қазақстан – Германия бизнес-форумында жалпы құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Демек, сапардың елге берері – жаңа капитал ғана емес, озық технология, өндірістік тәжірибе және білікті кадр даярлау мүмкіндігі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осы сапар барысында отандық машина жасау саласының өнімдерін, соның ішінде неміс құрал-жабдығын қолдану арқылы шығарылған теміржол көлігі дөңгелегін Германия нарығына жеткізу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бизнес-форумнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фридрих Мерц келіссөздер жүргізді. Онда сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне баса мән берілді. Бүгінгі таңда бірлескен инвестиция портфелінде жалпы құны шамамен 54 миллиард доллар болатын 40 өнеркәсіп жобасы бар екен.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Берлиндегі алғашқы күн Қазақстан үшін олжалы болды. Қол жеткізілген уағдаластықтар жаңа нарыққа жол ашып, елге инвестициямен бірге озық технология мен өндірістік тәжірибе әкелмек. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті мүлт жібермей, келісімдерді нақты іске айналдыру.

← Барлық жаңалықтар