Ресей мен Украина – біздің жақын достарымыз. Мемлекет басшысы Берлинде қос елдің қақтығысына қатысты тағы да пікір білдірді. Неміс журналисі Омбыдағы кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевтың соғысты тоқтату туралы айтқанын еске салып, содан соң қырқысып жатқан көршілердің қазіргі жағдайын қалай бағалайтынын сұрады. Президенттің пікірінше, дәл қазіргі жағдайда соғысты дереу тоқтату оңай емес. Дегенмен Украина аумағындағы әскери іс-қимылды уақытша доғарып, дипломатиялық процеске көшу немесе қандай да бір келіссөз бастауға болады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен әуел бастан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерін қатаң ұстанатынын айтқанмын. Біз барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығы қағидатын сақтауға және құрметтеуге үндеп келеміз. Украина халқына, оның тарихына, мәдениеті мен дәстүріне, тіліне зор құрметпен қарайтынымызды бұрыннан айтып жүрміз. Мен соғысты дереу тоқтату туралы айтпадым. Қазіргі жағдайда мұның оңай емес екенін түсінемін. Менің меңзегенім: Украина аумағындағы әскери іс-қимылды уақытша доғарып, дипломатиялық процеске көшу немесе қандай да бір келіссөз бастау еді.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын, онсыз біз ешқашан табысты ел бола алмайтынымызды атап көрсетті.