Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Жасанды интеллектке бастар жол

Жасанды интеллект тұтас бір экономиканы өзгерте ала ма? Бүгін Астанада өткен Digital Bridge форумында осы және өзге де сауалдарға жауап табылды. Жиын аясында Qazaq AI Research University университетінің тұсауы кесіліп, Президентіміз технологияны өндірістік міндеттерді шешуге пайдалану жөнінде бастамалардың біразын ұсынды.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Digital Bridge алаңында адам мен технология қатар қадам басып келеді. Бір жерде роботтар өнер көрсетсе, енді бір жерде жаңа цифрлық шешімдер таныстырылуда. Мұнда жаңалықтың өзін ғана емес, оның адам өмірі мен ел экономикасына қалай пайда әкелетінін де талқылайды.

Форумның күн тәртібінде жасанды интеллект, робот техникасы, деректер инфрақұрылымы және цифрлық қауіпсіздік бар. Қатысушылар технологиялардың мүмкіндігін талқылап, оларды экономикаға енгізу жолдарын қарастыруда. Мемлекет басшысы әлемдегі өзгерістерге бейімделудің маңызын атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жасанды интеллект пен озық технологиялар жаһандық дамудың мүлде жаңа келбетін қалыптастырып жатыр. Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық бағдар белгіледім.

Цифрлық даму үшін елде қажетті инфрақұрылым қалыптасып келеді. Қазақстанда екі суперкомпьютер бар. Astana Hub экожүйесінде екі мыңнан астам технологиялық компания жұмыс істейді. Былтыр еліміздің IT қызметтерінің экспорты бір миллиард доллардан асты.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Астанада Qazaq AI Research University ашылды. Мұнда жасанды интеллект жеке пән ретінде ғана оқытылмайды: ол білім алу мен ғылыми ізденістің ажырамас бөлігіне айналады. Жаңа оқу орнының мақсаты – жасанды интеллектіні меңгеріп қана қоймай, оны ел игілігіне жарата алатын мамандар даярлау.

АЙДЫН САБИТОВ, QAZAQ AI RESEARCH UNIVERSITY ӨКІЛІ:

Университеттің негізгі міндеті – жасанды интеллект саласының мамандарын даярлау. Бұл – жасанды интеллектіні әзірлеу, машиналық оқыту және физикалық AI бағыттарында маман дайындау деген сөз. Университетке 512 студент қабылданды. Осы бағытта Lenovo компаниясымен машиналық оқыту жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Ал Skywalker компаниясымен ұшқышсыз ұшақтарды басқаруға қатысты жобаны бастадық.

Университеттегі бастамалар – елдегі технологиялық экожүйенің бір бөлігі. Форумға жиналған компаниялар мен стартаптар да жасанды интеллект пен робот техникасын өз жұмысына енгізіп жатыр.

ТИМУР ТУРЛОВ, КӘСІПКЕР:

Қазақстанның технологиялық экожүйесі жыл сайын қарқынды дамып келеді. Биылғы халықаралық форумға миллиард долларлық алпауыт компаниялар ерекше қызығушылық танытуда. Қатысушылардың басым бөлігі – отандық стартаптар мен IT саласындағы жастар. Қазіргі таңда кәсіпорындар жұмыс үдерісіне жасанды интеллект пен робот техникасын жаппай енгізе бастады. Олар сыртқы формаға ғана емес, өндірісті түбегейлі жақсартуға басымдық беріп отыр. Бұл шара мазмұны мен деңгейі жағынан Батыстың белгілі технологиялық алаңдарынан кем түспейді.

Технологияны өндіріске енгізу нақты міндеттерден басталады. Президент жасанды интеллект арқылы шешуге болатын индустриялық мәселелер тізімін әзірлеп, үздік жобаларды AI Challenge аясында сынауды ұсынды. Әр бастаманың нақты тапсырыс берушісі мен өлшенетін нәтижесі болуы керек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Технологиялық серпіліс түсінікті әрі тұрақты ережелерсіз, кәсіпкерлердің сенімінсіз және мемлекет, бизнес пен ғылымның тығыз ынтымақтастығынсыз мүмкін емес.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Digital Bridge мінберінде жаңа технологияларды дамытуға қажет бағыттар талқыланды. Ендігі міндет – білім мен бизнестегі бастамаларды нақты жобаларға айналдырып, нәтижесін ел экономикасының өсімі мен халықтың күнделікті өмірінен көру.

← Барлық жаңалықтар