Мазмұнға өту
· 18 қаралым

Азия ойындарындағы тарихи алтын

Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындары шарықтау шегіне жетті. Бүгін бокстан барша жанкүйер сарыла күткен алтын қоржынымызға түсті. 70 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Төрехан Сабырхан құрлық чемпионы атанды. Бұл жүлденің орны ерекше. Себебі бокс сүйер қауым алтынның жолына табаны күректей 12 жыл телмірді. Бұл қуанышты 20 жастағы былғары қолғап шебері сыйлады. Түркістан облысының тумасы финалда иорданиялық Зеяд Ишаишты рингте қуып жүріп сабады. Сондай-ақ оғланымыз байрақты бәсекеде қарсыластарын тегіс қоғадай жапырып, чемпиондық атақты жұлып алды. Енді болашағынан зор үміт күттіретін жерлесіміз жатпай-тұрмай 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындалмақ.

ТӨРЕХАН САБЫРХАН, БОКСТАН АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ:

Екі раунд ұтып келе жаттым. Үшінші раундта қашып, ойнап жүрсем де болатын еді. Жоқ. Өйткені менің Азия чемпионатында кеткен есем бар. Қаншама қазақ ағаларымызды ренжітіп қойған бұл боксшы. Енді Олимпиадаға дейін светофор жасыл жанады деп үміттенемін.

Осылайша, Төрехан ағасының да есесін қайтарды деуге болады. Өйткені бірер күн бұрын Махмуд Сабырхан төрешілердің күмәнді шешімімен филиппиндік спортшыға есе жіберіп, қоланы қанағат тұтқан еді. Ал отандық бокс әлемдік рейтингте өз позициясын соңғы жылдары беріп қойғаны жасырын емес. Бұған дейін 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Азия ойындарында қазақ жігіттері 6 бірдей алтын еншілеп, құрлықтың үздік ұжымы атанған-тын.

← Барлық жаңалықтар