Мазмұнға өту
· 18 қаралым

ЖИ-ді дамыту жөніндегі кеңес өтті

Ақылды технология Ақордаға да жетті. Еліміздің Бас резиденциясында Президенттің төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы өтіп жатыр. Суперкомпьютерлер заманында біз ертерек қамданып, айналамыздан оқ бойы озып алуымыз керек. Ал оған керек маман қайдан табамыз? Тікелей байланыстағы әріптесім білетін болар. Қырмызы, эфирдесіз.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Иә, Ғалым, Ақордада жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы өтіп жатыр. Президент ЖИ-ді нақты өндіріске енгізіп, оның экономикалық тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Өнеркәсіп орындарына салалық деректер мен суперкомпьютер ресурстарына қолжетімділік беріліп, инженерлерге арналған оқыту бағдарламасы іске қосылған.

УСАМА ФАЙАД, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ, MACHINE LEARNING ЖӘНЕ DATA SCIENCE САЛАСЫНДАҒЫ ҒАЛЫМ (АҚШ):

Қазақстанда ЖИ-ге деген қызығушылық жоғары: жұрт жаңа технологияны меңгеруге ұмтылып, бұл салада көш бастауға талпынып отыр. Өзгелердің тәжірибесін зерделеу қажет, бірақ көшбасшы болу үшін Қазақстанның өзіндік ерекшелігі бар стратегиясы болуы керек. Орталық Азияда ғана емес, халықаралық деңгейде де жетекші бағыттарда алға шығуға ұмтылысын байқаймын.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Одан бөлек кәсіпорындардың цифрлық жетілу деңгейі де бағалануда. 2029 жылға қарай ірі өндіріс орындарының кемінде 60 пайызы цифрлық негіздерді қолдануы көзделген. Мемлекет басшысы бұл өзгерісте білікті мамандардың рөлі айрықша екенін айтты. Ғалым, біздегі ақпарат әзірге осы…

Көп рақмет, Қырмызы! Технология деген жақсы ғой. Бірақ алдағы бір-екі жылда студияда отырған мені ғана емес, микрофон ұстап жүрген сені де жасанды интеллект алмастырып жіберсе, не істейміз? Осыны ойлана жүрейік.

← Барлық жаңалықтар