Мазмұнға өту
· 12 қаралым

«Жамбылтану» атты 5 томдық еңбек жарық көрді

Алматыда «Жамбылтану» атты 5 томдық кітаптың тұсауы кесілді. Сүбелі еңбекте жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың мұрасын зерттеген бірнеше құнды туынды жинақталған. Кітап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда таныстырылды. Шараға түркі елдерінің ғалымдары мен зерттеушілері қатысты.

МЕЙІРІМГҮЛ КӨЛБАЕВА, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ (ҚЫРҒЫЗСТАН):

Қырғыз оқымыстылары Жамбылдың мұрасын үш бағытта талдағанын көресіз. Бірінші, публицистикалық тұрғыда. Әлемдік жазушы Шыңғыс Айтматов, Түгелбай Сыдықбеков сияқты тағы басқа Қырғыз Республикасының жазушыларының мақалалары, еңбектері бар. Одан бөлек, білімін алатын болсақ, академик Ахматолла Амантаевичтің ең негізгі мақалалары бар.

Биыл Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл. Халқымыздың рухани дүниесінде қуатты да өміршең жырларымен ойып тұрып орын алып, өшпес із қалдырған ақынның абыройы түркі әлемінде де асқақ. Жиынға қатысушылар оның шығармашылығы жайында ой толғады.

БАУЫРЖАН ЖАҚЫП, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Жамбыл бабамыз біртуар қазақтың тұлғасы. Ол кісі қаншама толқын ұрпақты тәрбиелеп келе жатыр. Біздің өзіміз бала кезімізден Жамбыл өлеңдерін жаттап өстік. Біздің тіліміздің шығуына, қазақ тілінде еркін сөйлеуімізге Жамбыл атамыздың өлеңдері үлкен әсер етті.

← Барлық жаңалықтар