Театр сахнасының жас актерлері шетелден келген режиссерді тәнті етіп, таң қалдырды. Алматыдағы Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық драма театры биыл 94-ші маусымын ашып отыр. Талғамы биік көрерменге сапасы жоғары спектакль қою үшін аты дардай маманды арнайы алдырған екен.
Биылғы театр маусымы әйгілі драматург Александр Вампиловтың «Прощание в июне» пьесасымен ашылды. Туынды өткен ғасырдың 60-жылдарындағы студенттік өмірді бейнелейді. 4-курс студенттерінің үлкен өмірге жолдама алатын шағын бейнелейді. Оны сахналау үшін режиссер театрдағы жас актерлермен тыңғылықты жұмыс істеген. «Таланттарына тәнті болдым» деп таңдай қағуда.
ГРИГОРИЙ ЛИФАНОВ, РЕСЕЙЛІК РЕЖИССЕР:
Театрдың болашағы зор. Өйткені жастар өте дарынды. Олар мұндай үлкен басты рөлді бірінші рет ойнап отыр. Егер ортақ пікірлес команда жасақтамасаң, спектакль қоя алмайсың. Актерлермен ойларың бір арнаға тоғысқанда кез келген туындыны өмірге әкелуге болады. Вампиловтың шығармасы адамгершілікті, қарым-қатынасты, жастардың мәселесін көтереді. Үлкен ұжымның жұмылуының арқасында осы спектакльді театр маусымына ұсынып отырмыз.
Спектакльдің желісі мынадай: жатақханада өтіп жатқан досының тойына бұзықтау келген Николай қаланың әдемі қызын апарғысы келеді. Сөйтіп, аялдамада тұрған бойжеткенмен танысып, оны тойға шақырады. Ақыр соңында жастар бір-бірін ұнатып қалады. Ал жас жігіттің ғашығы өзі оқитын жердегі ректордың қызы болып шығады.
КАРИНА КУДЕКОВА, АКТРИСА:
Режиссерлер әртүрлі болады. Бірі ойындағысын, нені қалайтынын айқайлап жеткізеді. Кейде режиссерге не керек екенін түсіне алмайсың. Ал бұл спектакльде барлығы ұғынықты. Григорий Алексеевичпен дайындық кезінде еркін диалог болды. Ортақ тіл табысып, өз кейіпкерімді жан-жақты ашуға тырыстым.
Қызының сотқарға ғашық болғанын естіген әкесі жігітке онымен кездесуден бас тартса, оқудан шығармайтынын айтады. Тауы шағылған студент бұл ұсынысқа амалсыздан көнеді. Дегенмен оқуын бітірген кезде Таняны шын сүйетінін сезінген жігіт қалайда тағдырларын бір арнада тоғыстыруға бел байлайды.
АРАЙЛЫМ БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Көңілімнен шықты. Негізі жастар туралы, алғашқы махаббат туралы. Әке-шешелерінің қарсылығы осы екі жастың бірге болуына. Негізі өте өзекті мәселені көтереді, ескі туынды болғанымен. Классикалық туынды болған соң ұнады.
Театр маусымының шымылдығын ашқан спектакль көрерменнің көңілінен шыққан. Залда ине шаншар жер болмады. Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық драма театры репертуарын биыл жаңа 4 туындымен толықтырыпты.