Мазмұнға өту
· 12 қаралым

ЖИ — жаңа режиссер

Актерсіз-ақ кино түсіруге болады екен. Бірде-бір әртісті ақшаға жалдамастан, керісінше 2 млн доллар жеңіп алуға болады. Әлемнің түкпір-түкпірінен сондай 8 мың туындының авторы Астанадағы байқауға қатысуға өтініш берген екен. Арасында 800-і өзіміздің отандастардікі.

Астанада жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі өтіп жатыр. Байқауға әлемнің 120-дан астам елінен 8 мыңнан аса өтінім түскен. Қазақстаннан 800-ден астам жұмыс ұсынылды.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Бірнеше жыл бұрын жасанды интеллект фильм түсіреді деген ой қиялға да сыймайтын. Бүгінде бұл — шындық. Астанада жасанды интеллект түсірген фильмдер фестивалі ашылды. 25 финалистің арасында Қазақстанның екі туындысы бар.

Шараның ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы қатысты. Кешегі форумда айтқан ойы осы бастаманың мәнімен үндес: Қазақстан өзге елдердің технологиясын қолданумен шектелмей, болашақты өзі қалыптастыруы керек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан болашақтың жетегінде кетіп, өзге елдердің технологиясын қолданумен ғана шектелмеуі керек. Болашақты өзіміз жасауымыз қажет. Біз бұл жұмысты әрі қарай жалғастырып, сапалы өзгерістерге қол жеткізуіміз тиіс. Әрине, жасанды интеллект адамды алмастырмайды. Керісінше, ол біртіндеп таптырмас көмекшіге айналады.

Ұйымдастырушылар фестивальді жаңа жобаларға жол ашатын алаңға айналдырмақ. Жүлде қоры — 1 миллион доллар. Бұған қоса, Қазақстанда компания құратын талантты командаларға тағы 1 миллион доллар инвестиция салу жоспарланған. Авторлар мен көрермендерді байланыстыратын стриминг платформа да іске қосылмақ.

ДЖЕЙМЕН ТАСКЕР, ФЕСТИВАЛЬГЕ ҚАТЫСУШЫ:

Мен Австралияның Сидней қаласынан келдім. «Everything Soft» — жасанды интеллект көмегімен толық жасаған алғашқы көркем фильмім. Сценарийін бірнеше апта жаздым, ал фильмді әзірлеуге шамамен төрт апта кетті. Бұл — жасанды интеллект көмегімен түсірген алғашқы көркем фильмім. Бұған дейін ЖИ қолданылған тапсырыстық жобаларда жұмыс істедім. Музыкалық клиптердің режиссерімін, сондықтан клиптердегі визуалды эффектілерде де жасанды интеллектіні қолдандым.

Финалистердің фильмдері бүгін және ертең Chaplin кинотеатрында көрсетіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ЖИ көмегімен жасалған туындылар алғаш рет үлкен экранға шығып отыр. Франция, Қытай және АҚШ өкілдерінен құралған халықаралық қазылар алқасы үздіктерді таңдайды. Жеңімпаздар ертең гала-кеште жарияланады. Бас жүлде — 450 мың доллар, екінші орынға — 250 мың, үшінші орынға 100 мың.

← Барлық жаңалықтар