Алтын жауған күн! Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында бүгін Қазақстан қоржынына 3 бірдей алтын жүлде түсті. Оның екеуі былғары қолғап шеберлерінің еншісінде. 70 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Төрехан Сабырхан Сары құрлықтың чемпионы атанса, ұлттық құрама капитаны Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта топ жарды. Отандасымыз ақтық сында Өзбекстанның өрені Жахонгир Зокировты 5:0 есебімен ойсыратты. Бұған дейін бокс сүйер қауым алтынның жолына табаны күректей 12 жыл телмірген еді. Енді міне, қазақ еліне қос саңлағымыз қатар қуаныш сыйлады.
АЙБЕК ОРАЛБАЙ, БОКСТАН АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ:
Мен де команда капитаны болғандықтан, барымды салдым деп ойлаймын. Бірінші раунд 3:2 деп келді. Екінші раунд 5:0 алу керек болды. Өзбек боксшысы әлем чемпионатында кеткен есесін қайтарғысы келіп тұр. Біз де дайындалып жатырмыз. Тактикалық тұрғыда жақсы дайындалып, жеңіске жеттім деп ойлаймын.
Таеквондошы Тамерлан Тілеулес көптің тілеуін орындап, тұғырдың биігінен көрінді. 58 келіге дейінгі салмақта сынға түскен спортшы финалда филиппиндік Курт Брайан Барбозадан басым түсіп, Азия чемпионы атанған тұңғыш қазақ таеквондошысы ретінде атын тарихқа қашады. Сондай-ақ еркін күрес шебері Эльмира Сыздықова финалда жарыс қожайынына жол беріп, күміс медаль еншіледі. Бұдан бөлек, бүгін қазақстандық бозкілем шеберлері тағы 3 қола медальды қоржынға салды. Жалпы Қазақстан медальдық есепте 12 алтын, 20 күміс, 43 қоламен сегізінші орында келеді.