Осы аптада Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Германияға барды. Берлинде екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің тамырына қан жүгіртер маңызды келіссөздер өтті. Мемлекет басшысының үш күндік сапары аясында жалпы құны шамамен 2 миллиард долларды құрайтын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бұл сапар Қазақстанға инвестиция тартумен ғана шектелмеді. Неміс технологиясын игеру, су мен энергияны үнемдейтін жүйелерді енгізу, мамандар даярлау және отандық өнімді Еуропа нарығына шығару тақырыбында да тараптар тілдесіп, меморандумдарға қол жеткізді. Өз сөзінде Президент жасалған келісімдерді тиісті деңгейде жүзеге асыру керектігін айтты. Сондай-ақ Германия канцлерін келесі жылы елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз жүріп өткен жолымызды барынша жоғары бағалаймыз. «Жол мұраты — жету» деп бекер айтпайды. Қиын жолды еңсеріп, зор табысқа жеттік. Өзіңізге мәлім, біздің елімізде Германияға деген ықылас ерекше. Бұл елді жақсы көреміз, құрметтейміз, оның экономика мен өзге де салалардағы жетістіктеріне тәнтіміз. Германия — халықаралық аренада өте беделді мемлекет. Сондықтан мен осы елмен жаңа келісімдерге қол жеткіземіз деген үмітпен келдім. Біраз уағдаластық жасастық. Енді осы келісімдерді тиісті деңгейде жүзеге асыру міндеті тұр. Сондықтан мен келешекке үлкен үміт артамын. Бұдан да мол табысқа жететінімізге толық сенімдімін. Келіссөз барысында Канцлер Мерцті келесі жылы өзіне ыңғайлы кез келген уақытта елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырдым.
Келелі кездесулер Еуропаның ірі қаржы орталығы — Мюнхенде жалғасты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария басшылығымен және бизнес өкілдерімен келіссөз өткізіп, Қазақстан-Бавария технологиялық форумының ашылу салтанатына қатысты. Сапарда маңызды келісімдер жасалып, немістің Linde компаниясы елімізде құны 500 миллион долларды құрайтын жобаны жүзеге асырады. Мәселен, Теміртауда жаңа ауа бөлу қондырғысы салынады. Ынтымақтастықтың тағы бір саласы — су ресурстарын зерттеу мен тиімді басқару. Осы саладағы 300 компанияны біріктіріп отырған German Water Partnership Қазақстанда су сапасын өлшейтін зертхана ашып, содан соң қазақ-герман су технологиясы хабын құруды жоспарлап отыр.
БОРИС ГРАЙФЕНЕДЕР, GERMAN WATER PARTNERSHIP БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Мен German Water Partnership басқарушы директорымын. Біз 300 мүшесі бар бизнес-қауымдастықпыз. Бірлесіп суға қатысты зертхана салғымыз келеді, су сапасын қалай өлшеу керектігін және бұл зертхананы жабдықтағымыз келеді. Екінші кезең қазақ-герман су технологиясы хабы болады, оның аясында біз технологиялар трансферімен жұмыс істейміз. Германияның Экономика министрлігі мен Қазақстанның Индустрия министрлігі арасында жол картасы болады және біз бірлесіп бұл зертхананы іске асырамыз.
Сондай-ақ көлік-логистика және агроөнеркәсіп салаларын дамыту мәселесі пысықталды. Мемлекет басшысы Транскаспий дәлізі бойында хабтар құруды ұсынып, кадр даярлау бағытында Баварияның білім беру тәжірибесіне қызығушылық білдірді. Бұдан бөлек, Қазақстанда және Орталық Азияда неміс бизнесіне қолдау көрсету үшін Алматыда Бавария экономикасының өкілдігін ашу ұсынылды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Неміс бизнесі елімізде мықты сапасымен, сенімділігімен және технологиялық артықшылығымен жоғары бағаланады. Бүгінде экономикалық байланыстарды тереңдетуге барлық мүмкіндік бар. Бұл ретте Еуропаның жетекші өнеркәсіптік аймақтарының бірі, инженерия мен жоғары технологияның орталығы ретінде дүниежүзі мойындаған Баварияның алатын орны ерекше. Біздің азаматтарымыз үшін «Германияда жасалған» деген белгі әрқашан сапа мен сенімділік синонимі саналады. Дәл осы себепті Мюнхенге арнайы келіп, Баварияның саяси басшылығымен және іскерлік орта өкілдерімен тікелей диалог құрғанды жөн деп ұйғардым.