Сенбі күні қорғаныс саласында ауыс-түйіс болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрінің екі орынбасары мен Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысын қызметінен босатты. Бұл туралы Ақорда хабарлайды. Президенттің өкімімен Қаныш Әбубәкіров Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — Қарулы Күштер Бас штабының бастығы лауазымынан босатылса, Алмаз Жұмакеев Қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен кетті. Сонымен бірге Қанат Ниязбеков Қарулы Күштер Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы лауазымынан босатылды. Қорғаныс министрлігі — ел Президентіне тікелей бағынатын үш министрліктің бірі. Оның басшыларын Мемлекет басшысы дербес тағайындайды.