Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Триллиондардың тағдыры: қор қаржысы құмға сіңбей ме?

Болашақ ұрпақ үшін қаржылық резерв жинап, мемлекеттің жаһандық шикізат құнына тәуелділігін төмендетуге тікелей әсер ететін Ұлттық қордың ақшасы енді құрылысқа жұмсалады. Қаражатқа қарашаның қажеттілігін қамтитын әлеуметтік нысандар салуды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тапсырды. Келелі жұмысқа кететін қаржы да аз емес. Бірақ талай нысанды салу үшін де мыңдаған адам жұмыспен қамтылып, жүздеген кәсіпорынның қызметіне қан жүгіреді. Ал бұл мақсатқа кеткен ақшаның орны қалай толтырылады? Жұмсалатын миллиардтарды әлдекімдер майшелпек етпес үшін арнайы механизм ойластырылған ба?

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Әр адам тапқан табысының бір бөлігін ертеңі үшін жинайды. Бұл ақша қаржылық дағдарыс бола қалған жағдайда көмектесетін құрал. Дәл сол сияқты Ұлттық қор да мемлекеттің экономикалық қорғаны. Ал егер қазынаға қол салып, қомақты сома алсақ не болады? Бүгінгі қажеттілік үшін жұмсалған қаражат ертеңгі күннің қаржылық қауіпсіздігіне әсер етпей ме?

Алдымен әңгіменің әлқиссасын айтайық. Тамызда тілшілермен тілдескен Президент Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдырамыз деді. Ол үшін ұзақ жылдар бойы мұнайдан түскен миллиардтар мен инвестициялық табыспен толыққан Ұлттық қордан қаржы алатынын жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек.

Қазір Ұлттық қордың валюталық активтері шамамен 65 миллиард доллар. Алдағы үш жылда осы ақшадан 5 триллион нысаналы трансферт алу жоспарланып отыр. Оның 2 триллионы келер жылы берілсе, 2028-2029 жылдары 1,5 триллион теңге қаржы бөлінеді. Ал сарапшылар қанша сома алынғаны емес, қайда жұмсалғаны маңызды екенін баса айтты.

АЙБАР ОЛЖАЙ, ЭКОНОМИСТ:

Мұндағы басты әңгіме қайда қолданылғаны? Әлеуметтік нысанның экономикалық тиімділігі, қайтарымы жоқ. Бізге осы экономикаға қызмет ететін логистикалық, энергетикалық, транспорттық нысандар керек. Олар бір салған теңгесіне 3-4 теңге үстінен тағы алып келеді. Бізге сондай қазір экономикалық тиімділігі жоғары жобалар болса, оларды Ұлттық қордан қаржыландыруға болады.

Қаржымыз құмға сіңген судай болмас үшін жемісті жобаларға жұмсалуы тиіс. Ал бұл тұста құрылыс — экономиканың драйвері саналады. Өйткені өндіріс саласының өрісі кеңейіп, табысы молаяды. Құрылысшыларды киіммен, тамақпен қамтамасыз ететін компаниялар да қыруар қаржыға кенелуі мүмкін. Яғни бір емес, бірнеше саланың тамырына қан жүгіреді.

ҚАЙЫР РЫСПЕК, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ОДАҒЫ АСТАНА ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Президентіміз ең бастысы, менің ойымша, әлеуметтік жағынан қарап отыр. Себебі халықты жұмыспен қамту керек. Мұнда ең масштабты түрде тек құрылыс қана. Бұл бір жердің құрылысы емес қой. Әрбір елімізде, әрбір ауылда, әрбір ауданда көптеген жобалар салынып бастайды. Соған байланысты алыстағы ауыл-аймақтарда адамдардың өздерін жұмыспен қамтамасыз етуіне септігін тигізеді, әрине.

Ал қаржы саласына жауаптылар инвестициялық бастамалардың барлығы Құрылтайдың қарауында екенін жеткізді. Көңілге қонымды, табысы өнімді жобаларды іріктеу де депутаттардың міндеті. Негізінен коммуналдық, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңартуға ақша бөлу қарастырылған. Сондай-ақ халықтың заманауи қызметтерге қолжетімділігін кеңейту басты меже.

ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ, РЕСМИ ЖАУАП:

Бұл жағдайда азаматтар ондаған жылдар бойы пайдаланатын инфрақұрылымдық жобаларды нысаналы қаржыландыру туралы сөз болып отыр. Жобалардың түпкілікті тізімі «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бекітілгеннен кейін айқындалады және «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы Үкімет қаулысында көрсетіледі.

Ал экономистер бұл ақша қарапайым бюджет қаржысы сияқты бөлінбеуі тиіс деп есептейді. Өйткені қазір қор қаражатының шарапатын халықпен бірге жеке кәсіпорындар да көріп отыр. Олар ел бюджетіне миллиондаған табыс әкеліп, салық төлеудің орнына мемлекеттің мойнына мініп алған. Ақшаны аларда желдей ұшып жетеді, қайтарымына келгенде таптырмай кетеді екен.

САПАРБАЙ ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Біздің «Самұрық-Қазынаның» астында квазимемлекеттік кәсіпорындар дейміз ғой, өте көп солар. Президентіміз айтқан еді 243 ЖШС-ны жекешелендіріңдер деген еді 2025 жылы. Биыл 500-ін жекешелендіріңдер дейді. Яғни 500-ге жақын ЖШС, компаниялар бәрі бюджеттен ақша алып отыр. Ал олар ақша төлеу керек қайтадан. Салық төлеу керек.

Әлемдік дағдарыстың дауылына қарсы күресте Ұлттық қор біздің басты тірегіміз. Олай болса ортайған қазынаны қалай қампайтамыз? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ. Себебі ертең не болатынын тамыршыдай тап басып айту қиын. Ашық экономика айдынында әлемнің әр бұрышындағы жағдайлар әртүрлі әсер етеді.

АСАН АХМЕТЖАН, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Инвестициялық көкжиегі дегеніміз Ұлттық қор бүгін алынды, ертең осындай болады деген әңгіме емес. Бұл ретте инвестициялық кірістілігін, Ұлттық қордың стратегиялық-инвестициялық кірістілігін кемінде 5 жыл көлемінде қарау керек. Ал орташа есеппен 7-10 жылда қарау керек. Жалпы әлемдік қор нарығындағы жағдайға байланысты. Егер инвестициялық табыстылығы қалыпты қарқыны сақталатын болса және мұнайдың бағасы жоғары болса, жетуге болады.

Сондықтан қордан бөлінген қаржының әр тиынын ақылмен жұмсаған абзал. Қыруар ақша ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін бақылауды күшейту керек. Алайда мамандар алаңдауға негіз жоқ дейді.

АЙБАР ОЛЖАЙ, ЭКОНОМИСТ:

Ұлттық қор қаржысы бізде өте қатаң бақыланады. Бізде Ұлттық қорды бақылайтын арнайы кеңес бар. Кеңеске барлық мемлекеттік, әсіресе Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы министрлігінің өкілдері кіреді. Олардың бәрі қарап отыр. Сосын одан бөлек өзінің тәуелсіз сарапшылары да бар. Қордың ақшасын қарап отырған. Бізде қордың ақшасы ешкімге айтпай өзінен-өзі жұмсалып кете алмайды. Өйткені ол мүмкін емес.

Ұлттық қор — келешектің кепілі. Мемлекет басшысы айтқандай, триллиондаған теңгенің игілігін қарапайым халық көруі керек. Сонда ғана дамуы тұрақты, экономикасы қуатты елге айналамыз.

← Барлық жаңалықтар