Мазмұнға өту
· 37 қаралым

Өңірлік ынтымақтың жаңа белесі

Орталық Азия елдері жолды да, суды да бірге тиімді пайдаланып, сауда-саттықты қарыштатуға белсеніп жатыр. Авазада өткен консультативтік кездесуде өңірлік ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Бұл басқосуға биыл Әзербайжан да қосылды.

Авазада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының сегізінші консультативтік кездесуі басталды. Биыл Әзербайжан бұл форматқа толыққанды қатысушы ретінде алғаш рет қосылды. Қазақстан Президенті саммитте өңір елдерінің байланысын нығайтуға қатысты бірнеше ұсыныс айтты.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Отыз бес жыл бұрын Орталық Азия елдері тәуелсіз мемлекет ретінде өз жолын бастады. Бүгінде өңір алдына жаңа міндет қойып отыр: ұлттық мүддені сақтай отырып, ортақ мәселелерді бірлесіп шешу. Авазадағы саммиттің маңызын да осыдан көруге болады.

Мемлекет басшысы өңір елдері арасындағы сауданы арттыруға мүмкіндік мол екенін айтты. Үкіметтерге осы бағытта ортақ жоспар әзірлеуді ұсынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өткен жылы өңірішілік сауда көлемі шамамен 13 миллиард долларды құрады. Бұл — мемлекеттеріміздің жалпы тауар айналымының 8 пайызына жуық. Үкіметтерге осы көрсеткішті кемінде 20 миллиард долларға жеткізуге бағытталған ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеп, қабылдауды ұсынамын.

Сауданың артуы тауарды бір елден екінші елге жеткізетін жолдардың ыңғайлы әрі сенімді болуына да байланысты. Қазақстанда Мойынты-Қызылжар және Дарбаза-Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы аяқталып келеді. Келесі жылы Бақты-Аягөз бағытын ашу жоспарланған. Ал Арал-Каспий автожолы Қытайды Каспий теңізі арқылы Еуропа нарықтарымен жалғастырады. Президент Орта дәлізді өзге көлік бастамаларымен байланыстыруды да талқылауды ұсынды.

АМАН ХОЖАЛИЕВ, ТҮРІКМЕНСТАН ИНЖЕНЕРЛІК-ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӨЛІК КОММУНИКАЦИЯЛАРЫ ИНСТИТУТЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

Әзербайжанның бұл форматқа қосылуы Орталық Азия елдерімен байланысын кеңейтуге мүмкіндік береді. Елдер көлік, логистика және экология салаларындағы ортақ мүдделерін талқылап, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындай алады.

Өңірге ортақ тағы бір мәселе — су ресурстарын тиімді пайдалану. Президент трансшекаралық суды әділ басқаруға негіз болатын Орталық Азияның су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдауды ұсынды. Сондай-ақ жасанды интеллектіні дамытуға назар аударды. Қазақстанда бұл салаға арналған заң қабылданып, цифрлық стратегия іске асырылып жатыр.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Консультативтік кездесулер алғаш ұйымдастырылғанда, басты мақсат — Орталық Азия елдері арасындағы саяси диалогты жандандыру еді. Сегізінші саммитке қарай күн тәртібі әлдеқайда кеңейді: сауда, көлік, су мен энергетика, қауіпсіздік және экология мәселелері бір алаңда қаралып отыр. Бұл — өңір елдерінің ортақ түйткілдерді жеке-жеке емес, өзара үйлестіріп шешуге ұмтылуының көрінісі.

← Барлық жаңалықтар