Елімізде әлеуметтік жәрдемақы алуға қатысты талаптарға өзгеріс енгізілмек. Келер жылдың басынан бастап төлемнің 10 түрі жанұяның қажеттілігін ескеріп беріледі. Бұл «Отбасының цифрлық картасы» бойынша А және В санаттарына іліккендерге, яғни әл-ауқаты жоғары деп танылған азаматтарға қатысты. Үкімет жариялаған қаулыға сүйенсек, қайта қаралатындардың қатарына бала туғанда және 1 жарым жасқа дейінгі жәрдемақы мен көпбалалы отбасыларға берілетін көмек кіреді. Сондай-ақ «Алтын», «Күміс» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғандар мен бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған жандарға арналған ай сайынғы төлем қысқарады. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар, асыраушысынан айырылғандар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім жасап отырған адамға берілетін төлем кіреді. Сонымен қатар арнаулы мемлекеттік және кәсіптік қолдаулар да қайта қаралады. Бүгіннен бастап жаңа ережелер бойынша хабарламалар азаматтарға SMS, Egov Mobile немесе банк қосымшасы арқылы жіберіле бастайды.