Баспана берешегін өтемей жүргендерге үлкен мүмкіндік. Елімізде ипотека қарызын уақытылы төлей алмағандар үшін қайта қаржыландыру бағдарламасына өтініш беру мерзімі ұзартылды. Енді оған үлгермеген азаматтар 2027 жылдың қыркүйегіне дейін көмекке жүгіне алады. Қолдауды 2021-2024 жылдары ипотекалық несие рәсімдеген жандар да пайдаланады. Бірақ бұл баспана қарызы бар кісілердің бәріне бірдей қарастырылмаған. Яғни борышкер халықтың әлеуметтік осал тобына және белгілі бір ауру түріне шалдыққан болса, аталған бағдарламаға қатыса алады. Сондай-ақ тұрғын үй ерлі-зайыптылардың жалғыз баспанасы болуға тиіс. Одан кейін төленбеген кредит мерзімі 180 күннен асуы қажет және қарыз қалдығы 50 миллион теңгеден көп болмауы қажет. Әрі ай сайынғы табысыңыз ипотеканы бұрынғы шарттар бойынша төлеуге жетпейтіндей болса, жобадан үміт бар.