Мазмұнға өту
· 11 қаралым

ТМД: ортақ тарихтан ортақ іске

«Аваза» кешенінде ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы өтті. Жиында Достастықтың 35 жылдағы жолы сараланып, алдағы жұмыстың басым бағыттары талқыланды. Қазақстан Президенті ұйымның жаңа геосаяси жағдайға бейімделуі үшін ұзақ мерзімді стратегия әзірлеуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ның құрылуы посткеңестік кеңістікте жаппай қақтығыстың алдын алуға мүмкіндік бергенін айтты. 1991 жылы қабылданған Алматы декларациясы мемлекетаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты. Ал бүгінгі өзгермелі әлемде Достастық елдеріне ортақ мақсат пен үйлесімді іс-қимыл қажет.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын дамыту тұжырымдамасы 2007 жылы бекітіліп, алты жыл бұрын жаңартылған еді. Одан кейін қабылданған бағдарламалар мен құжаттар көбіне белгілі бір салаға қатысты болды. Сондықтан Атқарушы комитетке елдеріміздің үкіметтерімен бірлесіп, ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынамын. Ең алдымен, мемлекеттеріміз үшін аса маңызды басымдықтарға мән берген жөн. Олар: экономика, энергетика, инфрақұрылым, озық технологиялар және адам капиталы.

Президент экономикалық ықпалдастықты тереңдетіп, бірлескен өндірістерді көбейтудің маңызын атап өтті. Өткен жылы ТМД елдерімен сауда айналымы 40 миллиард долларға жуықтаған. Биылғы жеті айда бұл көрсеткіш тағы 10 пайызға өсті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ресей Федерациясының қатысуымен іске асырылып жатқан қазақстандық өнеркәсіп жобалары портфелінде жалпы құны 61 миллиард доллар болатын 178 жоба мен бастама бар, оның 124-і жүзеге асырылды. Өзбекстанмен арада құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 80 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Беларусьпен арнайы және ауыл шаруашылығы техникасының бірлескен өндірісі жолға қойылды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдерінің 2027-2030 жылдарға арналған үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасауды ұсынды. Көлік дәліздерін өзара ұштастыру, жүк тасымалын цифрландыру және жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасу да ортақ күн тәртібіне енгізілді. Сөз соңында Мемлекет басшысы келесі жылы ұйымға төрағалық ететін Өзбекстанға сәттілік тіледі.

← Барлық жаңалықтар