Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Қазақстан мен Оман арасындағы тың бастамалар

Апта басындағы маңызды кездесулерге тоқталсақ. Елімізге Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саид мемлекеттік сапармен арнайы келген еді. Қос тараптың көздегені — нақты жоба мен ортақ пайда. Президенттердің қатысуымен 9 құжатқа қол қойылып, сапар аясында жалпы саны 20 келісім жасалды. Ең елеулісі — Қазақстан мен Оманның 150 миллион долларлық бірлескен инвестициялық қор құру жоспары. Бұл қаржы жаңа кәсіпорын ашуға, бизнес-жобаларды іске қосуға жол ашуы тиіс. Бұған қоса, екі елдің іскерлік кеңесі құрылып, кәсіпкерлердің тікелей байланысына мүмкіндік туады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Дәстүрлі мұнай мен газ секторын немесе көлік, логистика, цифрландыру, жасанды интеллект сияқты жаңа бағыттарды, сонымен қатар сауда байланыстары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін жолға қою мүмкіндіктері жөнінде өзара ақпарат алмасуды осындай маңызды салалардың қатарына жатқызуға болады. Оман сияқты стратегиялық серіктесіміз болғанына қуанамыз.

Келіссөздердің тағы бір маңызды тұсы — Қазақстанның теңіз арқылы сауда жасау мүмкіндігін кеңейтуі. Бұл ретте Оманның Сухар, Салала және Дукм порттарына қызығушылық артып отыр. Олар арқылы отандық тауарларды Парсы шығанағы елдеріне, Оңтүстік Азия мен Африкаға жеткізуге жол ашылуы мүмкін.

ХАЙСАМ БЕН ТАРИК ӘЛ САИД, ОМАН СҰЛТАНЫ:

Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын жаһандық сауда дәліздерінің бойында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Ал Оман Шығанақ, Үнді мұхиты, Азия және Африка елдерінің басты нарықтарына төте шығатын теңіз жолдарын қамтамасыз етеді. Бір-бірін толықтыратын осы артықшылықтарымыз екі елдің өсіп-өркендеуіне ықпал етіп, пайдаға кенелтері анық.

Тағы бір айта кетерлігі, жуырда Оманға тікелей әуе рейстері ашылғалы тұр. Air Astana әуе компаниясы Алматы мен Астанадан Салала қаласына тұрақты рейстерді іске қосады. Сапар қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев қонаққа сый-құрмет көрсетіп, «Алтын Қыран» мемлекеттік наградасын Оман Сұлтанының кеудесіне тақты.

← Барлық жаңалықтар