Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Қанды қақтығыстың басталғанына 1100 күн

Таяу Шығыстағы қанды қақтығысқа тура 1100 күн толды. 2023 жылдың 7 қазанында басталған соғыс бүгінде Газа секторын толықтай гуманитарлық апат аймағына айналдырды. Инфрақұрылым қирап, халықтың 90 пайызы босқын атанды. Ресми мәлімет бойынша, құрбандар саны Палестина тарапынан 77 мыңға, ал Израиль жағынан 2 мыңға жеткен. Шиеленіс тек Газамен шектелмей, Ливан, Йемен және Иранды қамтып, өңірдегі қауіпсіздік архитектурасын түбегейлі өзгертті. Үш жылға созылған соғысты тоқтату мақсатында жасалған бітімгершілік келісімдері нәтиже бермей отыр. Палестиналықтар жақындарымыздан күнде айырыламыз, қазадан бас көтермей, қара жамылып отырмыз деп наразы.

МҰХАММЕД, ТҰРҒЫН:

Бұл атысты тоқтату келісімі тек қағаз жүзінде ғана бар. Шын мәнінде, жағдай мүлдем басқаша. Күн сайын оқ атылып, зымыран соққысы жасалады. Түнде үреймен ұйықтап, таңертең қорқынышпен оянамыз. Көшеге шығудың өзі қауіпті. Күн көру қиындап кетті.

АМАЛ, ТҰРҒЫН:

Баспанамыз күл-талқан болды. Бәрі қирады, түк қалған жоқ. Көршілеріміздің де, қарсы беттегі бес-алты үйдің де түгі қалған жоқ. Байқасаңыздар, бірде-бір сау ғимарат жоқ. Енді не істейміз? Қай жерді барып паналаймыз?

Расында, бір жыл бұрын жасалған бітімнің өзі қантөгісті тоқтата алмады. Палестиналық денсаулық сақтау өкілдерінің мәліметінше, сол келісімнен бері Израиль шабуылдарынан кемі 1400 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Ал Тель-Авив осы аралықта Газада төрт жауынгерінен айырылғанын алға тартуда. Жақында ғана Газа қаласына жасалған кезекті соққыдан тағы екі адам көз жұмды. Соққы алдында эвакуация туралы ескерту жасаған Израиль әскерилері әзірге бұған қатысты ресми пікір білдірмеді. Үйінді астынан дүние-мүлкін іздеп, қираған үйіне қарап қалған халық үшін бейбіт күннің ауылы әлі де алыс.

← Барлық жаңалықтар