Қазақ тазысы алғаш рет марафонға қатысты. Елордадағы Триатлон саябағында өткен жарыста Нейзи лақап атты ит иесімен бірге 6 шақырым жүгірді. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған іс-шараның басты ерекшелігі де осында. Өйткені бұл тазылардың өзара жарысы емес, адам мен ит бірге жүгіретін каникросс спорты. Әлемнің көптеген елінде кең тараған бұл спорт түрі жұртты салауатты өмір салтын ұстануға және жануарларға жауапкершілікпен қарауға үндейді. «Nomad» ұлттық аңшылық клубы қоғамдық қорының қатысушысы Абзал Досыманның айтуынша, каникросс елімізде де кең қанат жайса, атадан қалған асыл тұқымды, жеті қазынаның бірінің танымалдығын арттырып, оның қарымы мен қасиетін көпшілікке танытуға мүмкіндік туады.