Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Миллионер ететін жоба

Миллионер болғың келсе, ауылға бар! Талай жас маманның бағын ашып, үйлі болуына септігін тигізген «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сұраныс жылдар өткен сайын артып келеді. Бір елді мекенде мұғалім, бір мекенде дәрігер тер төгіп, енді бірінде ауыл шаруашылығы саласының мамандары еңбек етіп жүр. Мемлекеттен берілетін мотивация да бұған әсер етпей қоймаған. Бір реттік төлем жарты миллионға жуықтайды. Ал үй аламын деп бекінсеңіз, 1-ақ пайыздық мөлшерлемемен ипотека беріледі. Талаптары да жоқ емес.

Заңғар Жақсылық бүгінде кіндік қаны тамған туған жерінде еңбек етіп жүр. Алматыдан келген бойда өзі оқыған мектепке мұғалім болып орналасыпты. 4 жылға жуық жұмыс істеп жүрген ол білім сапасын арттыруға атсалысып, есеп шығарудың қыр-сырын оқушыларға үйретіп жүр.

ЗАҢҒАР ЖАҚСЫЛЫҚ, МАТЕМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Мен, мысалы, Алматы қаласында қалып кетсем болатын еді. Бірақ осындай бағдарлама арқылы көп жастарды, мамандарды ауылға тартуға көмек береді деп ойлаймын. Бұл жерде екі маман тапшы болған. Орыс сыныптарға математика мұғалімі болуға, сол үшін бірден жұмысқа кірісе кеттім.

Алып шаһардан шағын ауылға көшкендердің тағы бірі — Асылзада Құмар. Ол былтыр қолына дипломын алған соң, бағдарламаға қатысуға өтініш білдіріпті. Оның айтуынша, өзі барған Жалпақтала ауданында жас мамандарға барлық жағдай жасалған. Осы бір жылдың ішінде үйлі де болған, бір реттік жәрдемақыға да іліккен.

АСЫЛЗАДА ҚҰМАР, ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕЛІК ДӘРІГЕР:

Қаламен салыстырған кезде ауылдық жерде жұмыс жасау өте жеңіл. Ауруханамызда өте керемет деңгейде жұмыс жасап жатыр. Барлық заман талабына сай жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген. Осындай жерде жұмыс жасағаныммен мақтана аламын.

ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:

Иә, оқуын енді бітірген жастар үшін бұл үлкен мүмкіндік. 2009 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бағдарламаға бүгінде сұраныс артқан. Мемлекет тарапынан берілетін көмектің ауқымы да кеңейген. Жобаға қатысудың басты талаптары қандай? Рет-ретімен түсіндірейін. Ең әуелі сіздің мамандығыңыз сұранысқа ие тізімнің қатарында болуы керек. Яғни бағдарламаға кез келген жан қатыса алмайды. Бұл қолында білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік сала бойынша дипломы бар жандарға арналған. Биыл осы санаттардың қатарына жаңа екі мамандық қосылды.

ГҮЛДАНА БӨПЕТАЙ, ҚР ҰЭМ ӨҢІРЛЕРДІ ТАЛДАУ ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУДЫ ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ САРАПШЫСЫ:

Ағымдағы жылы осы тізім архив ісі және цифрлық жүйелер саласымен толықтырылған болатын. Басты талабы — бұл маманның ауылды мекенде 3 жыл жұмыс істеуі болып табылады. Яғни маман келісімге қол қоя отырып, тиісті ауылды мекенде мамандығы бойынша 3 жылдық міндеттемесін алады. Бұл шарттың басты мақсаты — ауылды мекенде мамандарды уақытша ғана емес, тұрақты түрде жұмыс істеуге тарту болып табылады.

Мемлекет ауылға барған маманға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақы тағайындайды. Бұл — 432 мың 500 теңге. Бұдан бөлек, үй сатып алуға немесе салуға 1 пайыздық жеңілдетілген несие 15 жылға дейін беріледі. Мәселен, ауылдық елді мекендерге жолдама алғандарға 8 млн-нан аса, ал аудан орталығында жұмыс істейтіндерге 10 млн теңгеге дейін ипотека қарастырылған. Мұнда ескеретін маңызды бірнеше жайт бар. Соның бірі — несие тарихыңыз таза болуы керек. Және де төлем қабілетіңізді растауыңыз қажет.

100 АЕК — 432 500 теңге. Ауыл — 2 000 АЕК — 8,65 млн теңге. Аудан орталығы — 2 500 АЕК — 10,8 млн теңге.

НАЗЕРКЕ ҒАЛЫМ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Ерлі-зайыпты азаматтар болса, мысалы, мен және күйеуім екеуміз баратын болсақ, менің атыма немесе күйеуімнің атына ғана алуға болады. Екеуі екі үй алмайды, мысалы. Сондай заңмен белгіленген жүйе бар. Қалада аттарында үйлері болса да, ешқандай шектеу жоқ. Қаладағы үй ғой, ауылда үйі болмаса, сол азамат ауылдан үй ала алады.

ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:

Бағдарламаға өтінім беру онлайн түрде жүзеге асырылады. Ол үшін BaspanaMarket порталына кіріп, тіркелесіз. Жеке кабинеттен «Дипломмен ауылға» бағдарламасын таңдайсыз. Қажетті ақпаратты енгізіп, құжаттарды тіркеу керек. Артынша электрондық қолтаңба, яғни ЭЦП арқылы жеке басыңызды растап, өтінімді рәсімдейсіз.

НАЗЕРКЕ ҒАЛЫМ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қазіргі таңда біз мемлекеттен жалпы қаражаттың бөлінуін күтеміз. Шамамен 25 млрд-тай жылына бөлінеді. Қазіргі таңда бізде 5 млрд қаражат бөлінді. Оның 2,5 млрд-на өтінімдерді қабылдап үлгердік. Осы қыркүйек айында басталды өтінім қабылдау. Қазіргі таңда өтінім қабылдау жалғасып жатыр.

Осы тұста ескеретін жайт, келісімшарт негізінде жас маман 3 жыл бойы ауылда жұмыс істеуі керек. Ал егер де жоба қатысушысы міндеттемені толық орындамай кетіп қалса, алған қаражатын кері қайтаруы мүмкін.

ГҮЛДАНА БӨПЕТАЙ, ҚР ҰЭМ ӨҢІРЛЕРДІ ТАЛДАУ ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУДЫ ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ САРАПШЫСЫ:

Егер де маман міндеттемені орындамай, ауылдан кетіп қалған жағдайда, онда мемлекеттік қолдау шарасын қайтару мәселесі туындайды. Маман мен жергілікті атқарушы орган арасында келісім болады. Сол келісім аясында барлық міндеттемелерге байланысты мәселелер өзара келісім бойынша шешіледі. Егер де өзара келісім бойынша шешу мүмкін болмайтын болса, тараптар сотқа жүгінуге құқылы болып табылады.

Бұл ретте экономистер тұрмысы мен жұмысы келіссе, кез келген маман ауылға баруға асығатын еді дейді. Өйткені қалада енді оқу бітірген жастарға дайын жұмыс бола бермейді. Одан бөлек, баспана мәселесі де бар.

ЛӘЗЗАТ НҰРҒАЛИҚЫЗЫ, ЭКОНОМИСТ:

Толық инфрақұрылымды интернет, кадрлық мәселе, олардың өсуіне, істерін алға қарай дамытуына бүкіл жағдайлар жасалып отырған кезде, жастар ауылды көркейтуге қалады. Оны біз жоққа шығара алмаймыз. Ол қалада үйі жоқ, күйі жоқ, жұмысы жоқ жүргенше, бүкіл жағдай жасалып тұрған, қаладағы өздері жете алмаған мүмкіншіліктерін алып отырған осындай ауылдық жерлер болатын болса, кез келген жас қалуға соған мүдделі деп ойлаймын.

Мемлекеттік қолдау тек қаржылай көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Негізгі мақсат — өңірлердегі кадр тапшылығын азайтып, ауылға жастарды көптеп тарту. Статистикаға сүйенсек, осы уақытқа дейін жобаға 100 мыңнан аса маман қатысқан. Олардың 68 пайызы, яғни 78 мыңы — мұғалімдер. Ал 24 мыңнан астамы дәрігерлер екен.

← Барлық жаңалықтар