1Таяу Шығыстағы қантөгіс пен гуманитарлық дағдарыс бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Алайда ашық аспан астында бейбіт күн кешіп жатқан өзге құрлықтардан да тыныштық кетті. Қазір Еуропа мен Латын Америкасының бірқатар елін әлеуметтік дүрбелең жайлады. Қымбатшылық, жұмыссыздық, баспана тапшылығы мен білім саласындағы қысқартуларға ашынған бұқара билікке қарсы жаппай көшеге шықты. Бейбіт басталған шерулердің соңы полициямен қақтығысқа ұласуда.
БЕЛЬГИЯЛЫҚТАР АШУЛЫ
Бельгия астанасы Брюссельде үкіметтің бюджетті қысқарту жоспарына қарсы басталған ереуіл жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Кәсіподақ мүшелері мен жүздеген студенттің бейбіт шеруі полициямен қақтығысқа әкеп соққан. Қара киініп, бетперде таққан наразы топ тәртіп сақшыларына тас лақтырып, автобустарды өртеді. Бұған жауап ретінде полиция көз жасаурататын газ қолдануға мәжбүр болды. Дәл осындай жағдай Льеж қаласында да қайталанды.
БЛАНДИН БУРДУКС, СТУДЕНТ:
Орта мектептер мен өзге де оқу орындары сапалы білім беруге мүлдем бейімделмегенін жұрт енді түсініп жатыр. Сондықтан жаппай наразылыққа шығуда. Бұл Бельгиядағы ортақ мәселе. Билік біздің де осы елдің азаматы екенімізді ұмытпауы тиіс. Біз студентпіз әрі Бельгияның болашағымыз.
Бельгияның франкотілді аймағындағы үкімет жоғары оқу орындарындағы жылдық ақыны 835 еуродан бірден 1194 еуроға қымбаттатқан еді. Ереуілдердің салдарынан қазір елде қоғамдық көлік пен әуе қатынасы ішінара тоқтап, көптеген мектептер мен балабақшалардың жұмысы тежелді.
ФРАНЦИЯ ТОЛҚЫП ТҰР
Бельгиядағы дүмпудің басталуына көршілес Франциядағы митингтер себеп болған. Мұнда жағдай ушығып тұр. Парижде мектептерді қаржыландыруды талап еткен шерушілер полициямен қақтығысты. Бастилия алаңында тәртіп сақшылары халыққа қарсы көз жасаурататын газ шашып, күш қолданды. Тарихта алғаш рет Лувр мектебінің жұмысы бұғатталды. Бұл оқу орны 1968 жылғы әйгілі студенттер көтерілісінде де жабылмаған еді. Қазір ел бойынша 140-тан астам білім ордасы жұмысын тоқтатты. Қақтығыстар кезінде ондаған адам жараланып, жүздеген наразы қамауға алынған.
ЭММА ЛЕКАРПАНТЬЕ, СТУДЕНТ:
Биліктің әрекеті көңіл көншітпейді. Қазір студенттерге қарсы қатаң репрессия жүріп жатыр. Арнайы жасақ өте қатыгез. Тіпті көз жасаурататын газға қарсы қолданылатын тамшы дәрілерді алып жүруге тыйым салды. Өзімізді қорғауға, алғашқы көмек көрсетуге қажеттінің бәрін шектеп тастады.
Жаппай қарсылықтан соң Францияның Білім министрлігі мамандар тапшылығын жою үшін қосымша мыңдаған мұғалім жұмысқа алынатынын және оқу кестесі қайта қаралатынын мәлімдеді. Алайда бұған қанағаттанбаған студенттер мен ұстаздар кәсіподағы 13 қазанда жаңа жалпыұлттық ереуілге шақырып отыр. Ресми мәліметке сай, бейсенбі күнгі шерулерге ел бойынша 70 мыңнан астам адам қатысқан. Оның 24 мыңы Парижде көшеге шыққан.
БАСАУРУЫНА АЙНАЛҒАН БАСПАНА
Испания астанасы Мадридте мыңдаған адам көшеге шығып, 87 жастағы Марикармен Абаскальді еске алу шеруін өткізді. Қарияның өз баспанасынан күштеп шығарылуы бүкіл елде жаппай наразылық тудырған еді. Жұрт орталық алаңға гүл шоқтары мен шырақтар қойып, үкіметтен қатаң шара қабылдауды талап етті. Испаниядағы баспана тапшылығы мен жалдау ақысының шарықтауы саяси дағдарысқа ұласты.
ХОСЕ ЛУИЗ ВАЛИНЕНСО, ШЕРУШІ:
Бұл сұмдық жағдай. Қиындыққа тап болған адамдарды ескі жиһаз құрлы көрмей, далаға лақтыра салу — нағыз масқара. Бұлай басынуға енді жол беруге болмайды!
Қайғылы оқиғаға пәтер иелерінің ашкөздігі себеп болған. Марикармен Абаскаль 70 жыл тұрған ғимаратты инвестициялық қор сатып алып, жалдау ақысын күрт көтерген. Зейнетақысы пәтер төлеміне жетпеген қария ұзақ соттасып, ақыры далаға қуылған еді. Күйзеліспен ауруханаға түскен ол кейін қайта көшіп келуге келісім алғанымен, үйіне жете алмай көз жұмды. Үкіметтің тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жоспары Парламентте қолдау таппаған соң, премьер-министр Педро Санчес 29 қарашаға кезектен тыс парламент сайлауын белгілеуге мәжбүр болды.
ҮКІМЕТ, САҒАН АЙТАМ…
Аргентина астанасы Буэнос-Айресте кәсіподақ мүшелері мен шағын бизнес өкілдері Индустрия министрлігінің алдына шеруге шықты. Олар үкіметтен экономикалық саясатты дереу өзгертуді талап етуде. Наразы топтың айтуынша, салықтың шарықтауы, инвестицияның тоқтауы мен коммуналдық қызметтердің қымбаттауы ұлттық өндірісті құрдымға кетіріп, жұмыссыздықты өршіткен. Әсіресе шағын және орта кәсіпорындар тығырыққа тіреліп отыр.
ДАНИЭЛЬ ИБАРРА, КӘСІПОДАҚ ЖЕТЕКШІСІ:
Өндіріске инвестиция салынбағандықтан, жұмыссыздық жайлап барады. Күн санап қаншама жұмысшы екі қолға бір күрек таба алмай, далада қалуда. Сондықтан бүгін бірігіп, ұлттық өндірісті қолдау туралы петиция тапсыруға келдік. Қазір үкімет ірі инвесторларды ынталандыру бағдарламасы арқылы тек ауыл шаруашылығын немесе ірі өнеркәсіпті ғана қолдайды, ал қалған салалар мүлдем назардан тыс қалды.
Еске салайық, Аргентина президенті Хавьер Милей 2023 жылдың соңында билікке келген болатын. Оның үкіметі инфляцияны тежеп, бюджетті тұрақтандырғанымен, қарапайым халықтың тұрмысы нашарлай түскен.
ҮКІМЕТ, САҒАН АЙТАМ…
Эквадор астанасы Китода жұмысшылар, ұстаздар мен студенттер президент Даниэль Нобоаның саясатына қарсы жаппай шеруге шықты. Ашулы топ ыдыс-аяқты тарсылдатып, ұрандатып, тіпті Мемлекет басшысының картоннан жасалған бейнесін өртеп жіберді. Олар осылайша қаланың тарихи орталығындағы Санто-Доминго алаңына дейін шерулетіп барды.
ЭДВИН БЕДОЙЯ, ШЕРУШІ:
Бұған дейінгі үкіметтер кем дегенде біздің ұсыныстарымызға құлақ асатын. Біз билікке қаншама хат жолдадық, бірақ ешқандай жауап болмады. Сондықтан Ата заңда бекітілген құқығымызды талап ету үшін осылай көшеге шығуға мәжбүрміз.
Жергілікті кәсіподақтар ұйымдастырған бұл акцияның басты мақсаты — әлеуметтік салаға инвестиция тарту, жұмыспен қамту кепілдігін беру және әлеуметтік қорғау жүйесін сақтап қалу. Наразы жұрт егер билік халықтың талап-тілегін осылай елеусіз қалдыра берсе, шерулер тоқтамайтынын ескертті.