Су тапшылығы мәселесіне бойлай түсейік. Ғасырдың ең өзекті проблемасы қазір жаһандық қауымдастықтардың басын қатырып қойды. Тіршілік нәрінен тарығатын күн жақын деп дабыл қаққан талай экологтың ескертуі тағы бар. Сусыз тіршілік, әлбетте, адамзатты тығырыққа әбден тіреп, жойылудың алдына бір-ақ апарады. Бұл ретте Африка мен Орталық Азиядағы мәселе өткір. Оның ішінде біздің еліміз де бар. Өйткені Қазақстандағы Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Есіл және Шу секілді бас өзендер бастауын көрші елдерден алады. Бұл айдындардағы тіршілік нәрі елдегі су ресурсының 40 пайыздан астамын құрайды. Сонда біз бұл мәселеде сыртқы елдерге тәуелдіміз бе? Әлде балама көздері бар ма? Миллиардтарды мұңға батырған шырғалаңы көп мәселе бізді де шыр айналдырмасы үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Сылдырап аққан мөп-мөлдір су. Шексіз әрі таусылмас ресурстай көрінетін. Ғасырлар бойы адамзат баласы тіршілік нәрін дәл осындай сарқылмайтын байлыққа балады. Алайда 21-ғасырда бұл түсінік түбегейлі өзгергендей. Өйткені бүгінде су тапшылығы әлемдік күн тәртібіндегі ең өзекті мәселенің біріне айналып отыр.
Климаттың өзгеруі, жаһандық жылыну мұздықтардың еруін тездетіп, қос бүйірден қысқан қапырық алып дариялардың арнасын тарылтты. Салдарынан өзен-көлдер көз алдымызда жоғалып барады. Мәселен, биыл кәрі құрлыққа тамшы тамбай, аптап ыстықтан Рейн, Луара сынды өзендер буға айналып кетті. Ал даңқты Дунайдың тартылуы Шығыс Еуропаның энергетика саласына қауіп төндіріп тұр. Тақырыпқа тұздық болған түйткілге демографиялық өсім мен урбанизация, табиғи ресурстарды тиімсіз пайдалану да себеп. Мұндай мәселе бізде де өткір тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір жиында осыны өзек етуі бекер емес.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сусыз өмір жоқ екенін бәріміз де білеміз. Су — әлемдегі барлық ел үшін аса маңызды стратегиялық ресурс. Біздің кең байтақ жеріміз бар. Алайда ел аумағының жартысынан көбі шөл және шөлейт жерлер. Сондықтан Қазақстан үшін су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек, артық болмайды.
БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:
Иә, Мемлекет басшысы су стратегиялық маңызы бар құндылық екенін меңзеді. Өйткені оның сұрауы бар. Қазақстандағы қордың 48 пайызы трансшекаралық өзендерге тәуелді екенін естен шығармау керек. Біздің осал жеріміз де осы. Бірақ барды ысырап қылмай, қаншалықты тиімді тұтынып жатырмыз? Қазақстанның су қоры 108 млрд текше метрді құраса, жыл сайын біз 25 млрд текше метр тіршілік нәрін пайдаланады екенбіз. Атап айтқанда, оның 5-10 пайызы коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге, 20-25 проценті өнеркәсіп саласына жұмсалады. Судың ең көп мөлшері, яғни 65 проценті ауыл шаруашылығына бағытталады екен.
Сыр өңірінде күріш негізгі дақыл ғана емес. Аймақ экономикасының арқауы. Бүгінде мұнда 1000-ға жуық шаруашылық ақ маржан өсірумен айналысады. Көл-көсір сусыз бұл сала бір адым алға баспақ емес. Онсыз да сағасы саяз тартқан дарияға зәру болып қалмас үшін диқандар әр тамшыны есеппен жұмсауға барын салып жатыр.
ЖӘНІБЕК КӘРИЕВ, «Ы. ЖАҚАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ КҮРІШ ШАРУАШЫЛЫҒЫ» ҒЗИ БАС АГРОНОМЫ:
Суды үнемдеу тәсілі қазіргі таңда жақсы пайдаланып жатырмыз. Атап айтар болсақ, ең бірінші арық, каналдарды тазалаймыз. Одан бөлек, атыздардың ішін лазерлік тегістегішпен тегістеп, суды тиімді пайдаланып жатырмыз. Одан бөлек, жаңбырлатып суғару, тамшылатып суару технологиясы тәсілдерін сынақтан өткізіп жатырмыз.
Аталған амалдарды жаппай енгізу үшін мемлекет тарапынан да қомақты қолдау көрсетілуде. Мұндай технологияға көшкен диқандарға берілетін демеуқаржы көлемі еселеп артыпты.
ТАЛҒАТ ДҮЙСЕБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Мемлекет басшысының қолдауымен су үнемдеу технологиясын енгізумен 2026-2027-2028 жылдарға облысқа 34 млрд теңге қаржы бөлінді. Мұндай қолдау бұрын-соңды болмаған. Мұны шаруашылықтар да жақсы түсінуде. Осы жылдың өзінде су үнемдеу технологияларын енгізуге 10 млрд-тан астам қаржы бөлініп, игеріліп отыр. 80 пайызға дейін алған құрал-жабдықтарының құны субсидияланып отыр мемлекет тарапынан.
Қазір өңірде қара суды ысырап қылмаудың тетігі енгізілген. Күріш алқабының әр гектарына 34 мың тоннадан лимит белгіленген. Дегенмен бұл мәселені әзірге толық шеше алмайды. Сондықтан атқарушы билік біртіндеп суды аз тұтынатын өнімдерге, атап айтқанда жүгері мен майлы дақылдарға басымдық бере бастады.
ТАЛҒАТ ДҮЙСЕБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Үстіміздегі жылы су үнемдеу технологиясымен егілетін дақылдар көлемін 14 мың 200 гектарға жеткіздік. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артты. Жалпы келесі жылға жоспар — 19 мың 400 гектарға жеткізу. Бұл бағытта облыста бірнеше ірі жоба жүзеге асуда.
Технологияның жаңарғаны жақсы ғой. Сарапшылардың сөзінше, бұл істі ширата түскен жөн. Өйткені тозығы жеткен ирригациялық жүйелердің көбі өткен ғасырдың ортасында салынған. Салдарынан тасымалдау кезінде судың 40-50%-ы жерге сіңіп, ысырап болады екен.
ЕРЛАН БАДАШЕВ, СУ САЛАСЫ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ:
Ешқандай фермер артық суды алмайды. Артық оған зиян. Анау жерді тұздандырып жібереді. Содан бұл жерде ең жоғалғаны мынау: Сырдариядан анау поляға жеткенше сол жерде жоғалып жатыр. Сіңіп кетеді, содан ұшып кетеді. Бұрынғы арналар көнелер. Шұрқ тесік.
Аталған мәселені біржолата шешуге құзырлы министрлік білек сыбана кіріскен. Осы мақсатта су ресурстарын тиімді пайдаланудың кешенді жоспары қабылданыпты. Негізгі бағыт — еліміздегі барлық гидротехникалық нысандардың үздіксіз әрі сапалы қызметін қамтамасыз етіп, инфрақұрылымды жаңарту.
СЕРІКЖАН БЕКЕТАЕВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ СУ САЯСАТЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Еліміз бойынша 42 су қоймасын салу, 37 ең ірі су қоймасын реконструкциядан өткізу, негізгі су пайдаланушы оңтүстік өңірдегі ирригациялық жүйелердің тозығы жеткен 14 жарым мың км жуық каналдарды қайта жөндеуден өткізу сияқты іс-шаралар. Осы іс-шараларға байланысты бүгінгі таңда біздің министрлікпен жалпы жергілікті атқарушы органдармен жобалар әзірлеп, әрі қарай құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Ішкі жүйені реттеу өз алдына. Бізге сырттан келетін судың мәселесін қатар қарастыру керек, — дейді сарапшылар. Жалпы су қорының 50 пайыздан астамы республика аумағында қалыптасқанымен, Ертіс пен Іле — Қытайдан, Жайық пен Тобыл — Ресейден, Сырдария — Өзбекстаннан, Шу мен Талас Қырғыз елінен ағып келеді. Сондықтан өзендердің төменгі ағысында орналасқан біздің ел халықаралық келісімдерді бекемдегені жөн.
БЕКБЕРГЕН КЕРЕЙ, ЭКОЛОГ:
Халықаралық сарапшылардың есебі бойынша, 2040 жылдарға Қазақстанда 25-30 пайызға дейін су тапшылығы туындауы мүмкін. Бірақ бір ғана айтар мәселе: біз су аз елміз деп тұрмауымыз керек. Мысалы, қазіргі ең басты мәселе — климаттың өзгеруі, оған төтеп беру мәселесі. Су қауіпсіздігі бірінші кезекте болуы керек. Одан кейін мынау трансшекаралық өзендердің келісімшарттарын реттеу мәселесі. Осы үш мәселеге назар аударғанымыз дұрыс болады.
Су дипломатиясы — Президент жүктеген басты миссия. Атқамінерлер көршілермен келелі келіссөз жүргізіп, су жүйесін цифрландыру арқылы ұтымды бөлу мәселесін де ұсынып отыр.
СЕРІКЖАН БЕКЕТАЕВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ СУ САЯСАТЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Жақында Өзбек мемлекетімен 2025 жылы арнайы келісімге қол қойылған болатын. Сол келісім шеңберінде қазіргі таңда бізге осы көршілес мемлекет Өзбекстан мен Қазақстан шекаралары арасында автоматты су жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Осындай арнайы жүйелерді енгізу арқылы, цифрландыру заманында осындай жүйелерді қолдана отырып, келісімдей отырып, судың көлемін тең бөле алатын боламыз.
Иә, тіршілік нәрін үнемдеу өзен-көлдермен шектелмейді. Өткен жылы қайта жазылған Су кодексінде бір үлкен өзгеріс бар. Бұл өнеркәсіп ұйымдары, монша мен автокөлік жуу орындарына қатысты. Жаңа норма бойынша олар қолданған суын қайта пайдалануға міндеттелді. Сәйкесінше, кәсіпкерлер суды 80 пайызға дейін үнемдеп қана қоймай, коммуналдық шығындарын да азайта алады. Мәселен, Алматыда қазірдің өзінде көлік жуу орындарының 60%-дан астамы осындай жүйеге көшкен. Бас қалада да бұл жұмыс кезең-кезеңімен іске асып жатыр.
ТИМУР БАБАНАЕВ, «АСТАНА СУ АРНАСЫ» МКМ ӨНІМ ӨТКІЗУ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Кәсіпкерлер ашылып жатқан бойда қондырып жатқандар да бар. Оның ішінде жалпы қала бойынша 300-ден аса автожуу бекеттері бар. Соның 30 пайызында қондырылған өздігінен, ол жаңағы жоспарды күтпей, заңның уақытына қарамай өздігімен қондырып жатқандар бар.
Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптегі мұндай жүйелі қадамдар уақыт талабынан туындап отыр. Өйткені жаһандық климаттың құбылуы бұрын-соңды болмаған қуаңшылық қаупін төндіріп, табиғи жауын-шашын мөлшерін жылдан-жылға азайтуда. Соның салдарынан табиғаттың өздігінен тазарып, су қорының қайта толығу үдерісі баяулап барады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені Түрікменстанда өткен басқосуда көтерді. Президенттің пікірінше, су проблематикасы Орталық Азия тұрақтылығына қатер төндіретін басты сынақтардың бірі.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Алдымызда трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тың тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр. Бұл жұмыста өзара құрмет, теңқұқылық қағидаттары негізге алынып, аймақтағы барлық елдің мүддесі ескерілуі керек. Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдау ынтымақтастықтың жаңа өңірлік архитектурасын қалыптастыратын алғашқы қадам болар еді. Құжат жобасы тараптардың қарауына ұсынылды.
Осы орайда Президент БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Өйткені тіршілік нәріне қатысты түйткілдерді еңсеру ұжымдық жауапкершілікті талап етеді. Келтірілген мысалдарға қарап, су алтынға да бергісіз ресурс екенін аңғарамыз. Судың сұрауы артқан сайын әлем жаңа шешімдер іздеп жатыр.
БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:
Тапшылықтың алдын алудың тағы бір баламасы бар. Бұл — жасанды жауын технологиясы. Қазақстан да аталған бағыттағы алғашқы қадамын бастап кетті. Биыл Түркістан облысында бұлт шақыру жүйесі пилоттық режимде енгізілген. Бірақ ол тартылған тоғандар мен сарқылған арналарды сақтап, қуаңшылықтан құтқара ала ма? Мұны тәжірибе көрсетеді.