Мазмұнға өту
· 12 қаралым

«Яндекс» неге тұралап қалды?

Көпшілік жиі қолданатын «Яндекс» сервистері тұралап қалып, өткен демалыста таксистер мен курьерлер тапсырыстан қағылды. Ақаулар Қазақстанда ғана емес, Қырғызстан мен Өзбекстанда, Беларусь пен Арменияда байқалған. Сөйтсек, компанияның Ресейдегі деректер орталығына украиналық дрондар шабуыл жасапты. Ұшқышсыз құрылғылар Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі ғимараттарды атқылаған. Ал халықтың жаппай шағымынан соң Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жағдайға түсінік берді. Ведомствоның дерегінше, серверлердің Қазақстанда орналасуы бүкіл платформаның ел ішінде толық автономды жұмыс істейтінін білдірмейді. Қазір «Яндекс» сервистердің жұмысын қалпына келтіріп жатыр екен. Бұдан бөлек, ведомство қазақстандық пайдаланушылардың жеке деректеріне ешқандай қауіп жоқтығын хабарлады. Өйткені ондай мәліметтерді сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқан екен әрі штаттық режимде жұмыс істеп тұрған көрінеді.

← Барлық жаңалықтар