Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Бельгия королі Ақордада

Ақордаға патша келді. Билеп-төстеуге емес, достық ниетте. Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыруға мүдделі Бельгия королі жанына патшайымын ерте келіпті.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Ақорда алдындағы салтанатты алаңда Қазақстан мен Бельгияның мемлекеттік тулары желбіреп, Әскери әуе күштерінің тікұшақтары көкке көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильданы зор қошеметпен қарсы алды. Делегациялар таныстырылып, екі елдің әнұрандары орындалды.

Мемлекеттік сапар аясындағы кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияны Қазақстанның Еуропадағы сенімді серіктесі деп атап, сауда, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы және жасанды интеллект салаларындағы әлеуетке тоқталды. Ал Король Филипп Қазақстанның дамуына тәнті екенін айтып, жасанды интеллект, энергетика және атом энергетикасы бағыттарындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

ЛОРЕНС БУККЕАРТ, БЕЛЬГИЯ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазақстанға қонақ болып келгеніме өте қуаныштымын. Ақорда — ерекше ғимарат екен. Бұл сапар біз үшін өте қызықты, өйткені ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Әсіресе Қазақстанның уран саласына қызығушылығым зор. Өйткені Қазақстан — уран өндіруден алдыңғы қатардағы ел.

Корольдік жұп Қазақстанда 14 қазанға дейін болады. Сапардың қорытындысы бойынша тек дипломатиялық келісімдер ғана емес, сонымен қатар бизнес, ғылым және білім беру салалары үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады деп күтілуде. Бұл жайлы «Басты жаңалықтарда» толығырақ айтып беремін.

← Барлық жаңалықтар