Көлік тізгіндесе болды, алды-артына қарамай ызғыта жөнелетін жүргізушілерге бақылау күшейеді. Елімізде тағы 4 ақылы жол орташа жылдамдықты есептеу жүйесіне қосылды. Демек, белгіленген межеден бір шақырым да асып кетсеңіз, қалтаңыз қағылады деген сөз. Осылайша, заманауи жүйе орнатылған республикадағы маңызды трассалардың саны 15-ке жетті. Атап айтқанда, бұдан былай орташа жылдамдық Орал мен Ақтөбе және Қостанай мен Мақат аралығындағы ақылы автобандарда есептеледі. Аталған бөліктерде арнайы аркалар орнатылып, мамандар заң бұзған жүргізушілердің деректерін құзырлы органдарға лезде жіберіп отырады. Ал биыл жыл басынан бері тас жолдарда 550 мыңнан астам көлік жүргізушісі жылдамдықты асырып, айыппұл арқалаған екен.