Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Атыраудағы вагон өндірісі

Атыраудың жер астындағы байлығынан бөлек, қазір отандық машина жасау саласы қарқын алып келеді. Өңірде тонналаған жүк пен мұнай өнімдерін тасымалдайтын вагондар құрастырылып жатыр. Бұл, әрине, мақтануға тұрарлық оқиға. Күні кеше кәсіпорын өзінің мыңыншы вагонын жасап шығарды.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Қарапайым металл бөлшектерінен бастап, тұтас жүк вагонына дейін. Біз қазір Атырау вагон жасау зауытындамыз. Мұнда әрбір металл өңделіп, дәнекерленіп, біртіндеп дайын вагонға айналады. Мұнда жүк тасымалына арналған техниканың түр-түрі құрастырылады. Бұл — жай ғана өндіріс емес, отандық машина жасау саласын дамытуға, еліміздің өндірістік әлеуетін арттыруға және экономиканың өсуіне үлес қосатын маңызды кәсіпорын.

Атырау десе, жұрттың ойына бірден мұнай келеді. Бірақ өңірдің өндірістік әлеуеті қара алтынмен ғана шектелмейді. Вагон құрастыру зауытының қауқары жыл сайын артып келеді. Мұнда жүк тасымалдайтын жартылай вагондар, контейнер тасымалдауға арналған платформалар және цистерналар өндіріледі. Жұмыс ауқымы да, техниканың көлемі де таңдай қақтырды. Заман талабына сай роботтар да өндірістің біраз бөлігін өз мойнына алған. Бірақ технология қанша дамыса да, адам еңбегінің орны бөлек.

ШОТА АБХАЗАВА, TEXOL КОМПАНИЯЛАР ТОБЫ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Вагон өндірісі осы жерден басталады. Мұнда оның негізгі қаңқасы дәнекерленіп, қажетті бөлшектер құрастырылады. Жұмыстың көп бөлігі роботтардың көмегімен атқарылады, ал мамандар өндіріс барысын бақылап отырады. Барлық жұмысты роботтар атқара алмайды, әрине. Сондықтан адам еңбегін жеңілдетіп, технологияларды тиімді пайдалану маңызды.

Әрине, мұндай өндірісте сан қуғаннан сапа маңызды. Зауытқа келіп жатқан шикізаттың әрбір партиясы жіті тексеріледі. Өйткені вагонның беріктігі мен сенімділігі ең алдымен оның неден жасалғанына байланысты. Ал көзге көрінгеннің бәрі мінсіз деген сөз емес. Сондықтан арнайы ғылыми-зерттеу орталығында заманауи құрылғылар іске қосылып, металдың ішкі құрылымына дейін үңіледі.

АЛЕНА УЛЬЯНОВА, ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Вагондардың Қазақстан мен Еуропа елдерінің теміржолдарында қауіпсіз әрі кедергісіз жүруі үшін барлық жұмыс белгіленген талаптарға сай орындалуы қажет. Сапаны арнайы құрылғылардың көмегімен тексеріп, бөлшектердің ішкі құрылымындағы көзге көрінбейтін ақауларды анықтаймыз. Бұл вагондардың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кәсіпорын 2027 жылға қарай жылына 7-8 мың жүк вагонын шығаруды жоспарлап отыр. Өндірістің маңызды бағыттарының бірі — мұнай өнімдері мен сұйытылған газ тасымалдайтын цистерналар. Мұндай вагондарды өзімізде шығару шетелдік өнімге тәуелділікті азайтып, отандық өндірістің мүмкіндігін кеңейтеді. Ал осы жұмыстың артында 600-ге жуық қызметкердің еңбегі тұр. Ұжымда жастардың үлесі басым.

ГҮЛМИРА КУЛЬНИЯЗОВА, АҒА ШЕБЕР:

Бізге келетін жастардың жұмысқа деген қызығушылығы жоғары. Олар білімді, жаңа нәрсені тез меңгеріп, өз міндеттерін жақсы түсінеді. Ең бастысы — үйренуге деген ынтасы болса, кез келген істі оңай игереді. Сондықтан жастармен жұмыс істеу қызықты әрі нәтижелі.

Техниканың беріктігі көзге көрінбейтін ұсақ-түйектен басталады. Соның бірі — дәнекерлеу жұмысы. Әсіресе цистерна құрастыруда әрбір тігістің мінсіз болуы маңызды. Бұл жерде арнайы автоматтандырылған құрылғылар іске қосылып, жұмыстың дұрыс орындалуына көмектеседі. Ал оған жауап беретін мамандардың бірі — дәнекерлеу аппараттарының операторы Даниал Құдайбергенов.

ДАНИАЛ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, ДӘНЕКЕРЛЕУ АППАРАТТАРЫНЫҢ ОПЕРАТОРЫ:

Менің негізгі міндетім — автоматты сварка. Сварка под плюсом. Варить етеміз. Мен вагонный цистернаның шовтарын айналдырып, екінші консольда ішінен сваркілейміз. Сосын оны соединять етіп, ана жақта үлкен цистерналарды жасаймыз. Оның кольцовой шовтарын дальше варить етеміз.

Мұнда жасалған вагондар шетелдік нарыққа да бас сұққалы жатыр. Биыл зауыт Моңғолиядағы атынан ат үркитін компаниямен 100 люкті жартылай вагон жеткізу туралы алғашқы экспорттық келісімшартқа қол қойыпты. Бұл бастамасы, әрине. Алдағы уақытта өзге де мемлекеттерге отандық өнімді жеткізу мәселесі пысықталып жатыр екен.

ШОТА АБХАЗАВА, «TEXOL» КОМПАНИЯЛАР ТОБЫНЫҢ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазіргі уақытта өнімдерімізді Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Өзбекстан мен Түрікменстанға экспорттауды қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар Финляндиямен де келіссөздер жүргізілуде. Бұл елдің вагондарға қоятын талаптары өте жоғары. Әңгіме Финляндияның теміржолдарына арналған ағаш тасымалдайтын вагондар туралы болып отыр. Біз осы жобаға қатысып, аталған нарыққа шығуға мүмкіндік алуға тырысамыз.

Мұнайлы өлкеге сапар барысында біз де тарихи сәтке куә болдық.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Міне, Атыраудағы кәсіпорынның осымен мыңыншы вагоны шығарылды. Бұл өндірістің небәрі 2 жарым жыл ішінде қол жеткізген маңызды нәтижесі. Таңнан кешке дейін өндіріс басында қызмет еткен қызметкерлердің жемісі бұл.

Алдағы уақытта зауыт өндіріс қарқынын күшейтіп, жаңа нарықтарға шығуды көздейді. Бұл ел экономикасын нығайтуға және импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді.

← Барлық жаңалықтар