Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Алматыда оқушылар тамақтан жаппай уланды

Алматыдағы әйгілі білім ордасында оқыс жағдай. Республикалық физика-математика мектебінің елуге жуық оқушысы жаппай тамақтан уланды. 12 қазаннан бері қырық сегіз бала жедел ішек инфекциясы диагнозымен жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Бұдан бөлек, дәрігерлер тағы сегіз оқушыны мектеп-интернатта оқшаулап, бақылауға алған. Осы оқиғадан кейін білім мекемесі мен оның асханасы уақытша жабылып, сабақ онлайн форматқа көшті. Мамандар барлық ем-домды жасап жатырмыз, балалардың беті бері қарап келеді дейді.

ЕРЖАН СЕРАЛИН, БАЛАЛАР ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

2026 жылғы қазанның 12-14 күндері аралығында Республикалық физика-математика мектебінің 48 оқушысы балалар жұқпалы ауруханасына жеткізіліп, жатқызылды. Олардың бәрінің клиникасы жедел ішек инфекциясының клиникасы болды. Барлық балаларға қажетті медициналық шұғыл емдер жасалып, қазіргі таңда бар балалардың жағдайлары тұрақты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мектептің тамақтану блогын тексеру барысында өрескел заңбұзушылықтар әшкере болған. Санитарлық мамандар азық-түлікті сақтау ережелері мен дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу талаптары сақталмағанын анықтапты. Қазіргі уақытта инфекцияның ошағын анықтау үшін су мен тағам түрлерінен зертханалық сынамалар алынды. Сонымен қатар асхана қызметкерлері де жаппай медициналық тексеруден өтіп жатыр. Нысанды дезинфекциялау жұмыстары басталып, полиция қылмыстық іс қозғаған.

← Барлық жаңалықтар