Мазмұнға өту
· 13 қаралым

Әйгілі мектептің оқушылары уланып қалды

Алматыда мектеп оқушылары жаппай уланды. 48 бала жұқпалы аурулар ауруханасына түссе, тағы алты науқастың диагнозы нақтыланбай, интернаттың оқшаулау бөлмесінде жатыр. Аты дардай республикалық физика-математикалық білім ошағын санитарлық дәрігерлер уақытша жапты. Өйткені шұғыл тексеріс кезінде асханадағы небір сұмдықтың беті ашылды.

Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының алды кешелі бері ығы-жығы ата-анаға толы. Баласына алаңдаған шешелері дәрігерлерден де, мұғалімдерден де бір жауап ала алмай дал. Перзентінің неден ұшынып, демде халі нашарлағанын білмейді.

АЙНҰР НАУРЫЗӘЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мектеп анықтап ештеңе айтпай отыр. Инфекция дейді, бірақ оның әртүрлі себептері болуы мүмкін ғой. Басында баламның жағдайы өте ауыр болған. Қазір жансақтау бөлімінен боксқа ауыстырды. Өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Мектепке ешқандай кінә артпаймын. Тек бұдан әрі білім ордасының басшылығы мұндайға жол бермесе екен.

Ауруханаға түскен 48 баланың бәрі Алматыдағы әйгілі Республикалық физика-математика мектебінде оқиды. Кешелі бері бірінен соң бірі құлап, құсқан, іші өткен, дене қызуы көтерілген. Тіпті алтауының жағдайы түсініксіз. Дәрігерлер білім ошағындағы интернатта оқшаулап ұстап отыр. Ақ халаттылар әзірге оқушылардың неден ұшынғанын айтпады.

ЕРЖАН СЕРАЛИН, ШЖҚ «БАЛАЛАР ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ» ДИРЕКТОРЫ:

Барлық балаға шұғыл медициналық емдері жасалып, қазіргі таңда бар баланың жағдайы тұрақты. Өзгерістер оң жағымен келе жатыр. Алты бала сол мектептегі изоляторында бар. Олар да ем қабылдап жатыр.

Шұғыл тексерісті бастаған бас санитар мамандары бүгін мектепті түгел жапты. Өйткені тексеріс кезінде асханадағы азық-түлікті сақтау, дайын тағамдардың сынамаларын алу және тамақтану ережелері өрескел бұзылыпты. Тағы құжаты жоқ сүт өнімдері тәркіленген.

АЛМА АХМЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

225 қарым-қатынаста болған бала медициналық бақылауға алынды. Ас блогының қызметкерлері тексерілді. Мектеп пен ас блогының жұмысын тоқтата тұруын, жекелеген тағамдарды өткізуді тоқтатуды, уақытша санитарлық талаптарды енгізуді және қажетті ілеспе құжаттары жоқ сүт өнімдерін айналымнан алып қоятын бес қаулы шығарылды.

Бұл — оқушылары талай халықаралық жарыстардан жүлде алып, мемлекеттің де, қаланың да атын шығарып жүрген ең беделді әрі тарихи мектеп. Еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды балаларды іріктеп қабылдайды. Есігіне қара құлып салынған білім ошағының директоры сұхбат бермеді. Ал полиция қылмыстық іс қозғаған.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция бөлімшесінде қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттері, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық тексеру қорытындысы негізінде оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тиісті процесуалды шешім қабылданады.

Яғни баланың бәрі тұрып қалған тамақтан улануы мүмкін. Мамандар астан бөлек қара судың да сынамасын зерттеп жатыр. Енді мектеп асханасын жалға алып, интернат оқушыларын түгел ыстық тағаммен қамтамасыз еткен мердігер жауап беретін болады. Қазір білім ордасында дезинфекциялау жұмыстары жүріп жатыр.

← Барлық жаңалықтар