Бұдан былай банкте біраз ақшаңыз болса, жәрдемақы алмайсыз. Қаңтардың бірінен бастап екінші деңгейлі қаржы ұйымдары есепшоттар мен депозиттер жайлы министрлікке ақпарат беруге міндеттеледі. Өйткені қазір жарты миллиондай адам қалтасы қалың бола тұра мемлекетке алақан жайып отыр. Оның жетпіс мыңы тіпті шіріген бай екен.
Бүгін Құрылтайда қаржының жайы қаузалды. Алғашқылардың бірі болып сөз алған Серік Жұманғарин бюджеттің кірісі мен шығысын, министрліктің атқарған жұмысын жіпке тізді. Оның айтуынша, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2029 жылы 245 триллион теңгеге өседі. Дағдарыс дауылына қарамастан экономиканың жылдық өсімі 5,9 пайызға жетеді.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ — ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Экономиканың өсу драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы болады. Оның жыл сайынғы орташа өсуі кемінде 5 пайыз. Құрылыста өсу қарқынының 2027 жылы 16 пайыздан 2029 жылы 17,3 пайызға дейін артуы болжанған. Бұған көліктік-логистикалық, энергетикалық және су инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі жобаларды жоспарлы іске асыру, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту ықпал ететін болады.
Алайда бюджеттің бүйірін қампайта алмай келеміз. Өйткені қазір қазынадағы тапшылық 4,6 триллион теңгеге жеткен. Ал Үкімет алдағы үш жылда шығынды төрт есеге азайтпақ. Бұл межеге қалай жетеміз? Депутат Наталья Годунова Премьер-министрге осы сұрақты төтесінен қойды. Ал Олжас Бектенов ақшаны үнемдеуге көшкенін ашып айтты. Ақыры тығырықтан шығар жол жәрдемақыға келіп тірелді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Бүгінде көпбалалы отбасы бай болсын, кедей болсын, мемлекеттен бірдей қолдау шараларын алады. Біздің ойымызша, бұл — әділетсіздік. Ауқатты, өз күнін өзі көруге мүмкіндігі бар адамдар мемлекет көмегіне сүйенбеуі керек. Олар өз күшіне сенуі қажет. Мемлекет өмірлік жағдайында өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын адамдарға қолдау көрсетуі керек және қолдау көрсетеді де. Алайда мемлекет беретін көмекті тұрақты қолдау ретінде емес, адамның өз орнын тауып, уақыт өте келе мұқтаждар санатынан шығуына түрткі болатын мүмкіндік ретінде қабылдауы қажет.
Артынша Бектеновтің сөзі баспасөздің басты тақырыбына айналды. Үкімет кімнің қалтасында қанша ақша барын қалай анықтайды? Тілшілердің тоғыта қысқан сұрағына тосырқамай жауап берген сол баяғы Серік Жұманғарин. Ел экономикасының екі тізгін, бір шылбырын ұстаған азамат қазір отбасыларды түрлі санаттарға бөлу бойынша талдау жүріп жатқанын жеткізді.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ — ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Бұл санатқа 522 мың адам жатады. Оның ішінде А санатында 70 мыңнан астам адам бар. Қазір осы санаттағы адамдарға талдау жүріп жатыр. Нарықтағы жағдайға сәйкес, азаматтарға тиісті ұсыныстар жолданады. Менің ойымша, бұл бағытта жұмыс істеу керек. Негізі, бұл мәселеде қателікке жол бермеуіміз керек.
Ал бірінші қаңтардан бастап банктер бар ақпаратты министрлікке ұсынады. Отбасы мүшелерінің келісімімен, әрине. Қарашаның есепшоттарындағы ақшаның саны, депозитінде қанша бары белгілі болады. Бір айта кетерлігі, оның кірісі мен шығысы қатар есептеледі. Осылайша мемлекеттік көмекке мұқтаж азаматтарды анықтауға мүмкіндік туады. Ал материалдық жағдайды мансұқтай алмағандардың санатын қайта қарауға мүмкіндік бар.
АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
Мысалы, отбасы қазан айында В санатында болса, белгілі бір тәуекелдерге байланысты желтоқсанда С санатына ауысса, оған мемлекеттік қолдау шарасы проактивті түрде бірден тағайындалады. Бұл бізге отбасылар туралы мәліметтерді тұрақты түрде жаңартып, олардың материалдық және әлеуметтік жағдайын ескеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ азаматтардың әл-ауқат деңгейіндегі өзгерістерге уақтылы әрекет етіп, оны қайта бағалай аламыз.
Бұл сұрыптау арқылы Үкімет үш жылда мемлекеттік бюджеттен 2,5 триллион теңге үнемдемек. Жиында көптің көкейінде жүрген ең төменгі жалақының жайы да сөз болды. Қазір 85 мың теңгені 110 мыңға көтеру жайы Үкіметте талқыланып жатыр екен. Алайда шешімі қашан шығары белгісіз. Жұманғарин келер жылы жақсы жаңалық болып қалуы мүмкін деп үміттендіріп қойды.