Қазақстандықтар еліміздің көрнекті, әсем жерлерінде жиі саяхаттай бастаған. Оған дәлел соңғы 7 жылда ел ішінде демалушылардың саны 84 пайыз өсіпті. Мәселен, өткен жылы қонақүйлер мен демалыс орындарында 8 миллионнан аса отандасымыз аялдаған. Туризм саласына салынған инвестиция көлемі де артып келеді. Жауапты ведомство осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі дамытуға басымдық беріп отыр.
ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:
7 млн адам. Иә, бұл осы жарты жылдықта елімізге келген туристердің саны. Тұмса табиғатымыз бен әсем жерлерімізді көруге асығатын саяхатшылардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Өзге елден келетіндерден бөлек, отандастарымыз да туған жерімізде демалғанды құп көретін көрінеді. Оған сандар дәлел. Мәселен, 2019 жылы туристік орындарға 4 млн-нан астам адам барған. Бүгінде бұл көрсеткіш 8 миллионға дейін өскен.
НҰРБОЛ БАЙЖАНОВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІНІҢ КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫ:
Жазғы маусымда негізгі курорттық аумақтарда орынның тапшылығы байқалып жатыр. Әрине, бір шетінен ол мемлекет тарапынан осы курорттық аймақтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша көп жұмыстың жасалып жатқанының белгісі. Яғни Алакөлдің өзіне жыл бойы 3-4 пойыз жүретін болса, жазғы маусымда олардың саны 13 бағыт жаңадан қосылады.
Туризмнің дамуы өңірлердің экономикасына да серпін беріп отыр. Соңғы 7 жылда саладан түсетін салықтың мөлшері 160 миллиардтан 600 миллиард теңгеге дейін өскен. Ал инвестиция көлемі 502 миллиард теңгеден 1 триллион 260 миллиард теңгеге жеткен. Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта да осы қарқынмен дамитын болсақ, әр өңірдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік тумақ.
АЛТЫНБЕК АМАНЖОЛҰЛЫ, ПРОФЕССОР, ҚР ТУРИЗМ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ:
Туризм тек қана туристердің санымен ғана өсіп-өркендеп кетпейді, туризмнің басқа да қосалқы мамандықтарымен, салаларымен байланысты. Мысалы, турист келген кезде орналасуы, сол жергілікті жердегі қонақүйі, тамақтану, көлік қызметі, экскурсия қызметі деген сияқты осы қызметтерді пайдалана отырып, экономикамыздың дамуына әсер етеді. Жергілікті жердің экономикасына қаражат құйылады деп есептеуге болады.
Бұдан бөлек, ел азаматтары табиғат аясында демалуға көбірек көңіл бөле бастаған. Мәселен, ұлттық саябақтарға келушілердің саны 3 миллионнан асыпты. Сондай-ақ биылдан бастап 18 жасқа толмаған балаларға парктерге кіру тегін. Бұл да мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың бірі.
ЖҰЛДЫЗ РАХМЕТ, САРАПШЫ:
Экотуризмде үлкен өсім бар деп айта аламын. Себебі биылғы жаздың өзінде мамыр айынан бастап Қазақстанның негізгі турдестинацияларын аралап шықтым. Соның ішінде, мысалы, Маңғыстау облысын алатын болсақ, Бозжыра шатқалына, Тұзбайырға баратын шетелдік туристер өте көп. Шығыс Қазақстанда өте көп. Ішкі туристердің өсімі өте жақсы.
ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:
Бүгінде еліміз бойынша 4 мыңнан астам қонақүй мен демалыс орындары бар. Жоспарға сәйкес, 2029 жылға дейін бұл туристер аялдайтын кешендердің санын 11 миллионға дейін жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ кәсіпкерлерге қолдау білдіріп, отандық сервисті дамытуға басымдық берілмек.