Алматы облысында қарулы шабуыл жасалды. Іле ауданының Қосөзен ауылында әлдекімдер автокөлікке оқ жаудырып, ел-жұрттың зәресін алды. Оқтың қарша борағаны сонша, темір тұлпардың сыртына зақым келіп, терезелерінің күл-талқаны шыққан. Кей деректерде соқталдай үш жігіттің ер адамды жабылып ұрғаны айтылады. Жәбірленуші олардың уысынан сытылып шығып, көлігімен қашқанда, әлгілер пневматикалық қарумен атқылаған. Полицейлер бірнеше сағаттың ішінде үш күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Алайда олардың нені бөлісе алмағанын ашып айтпай отыр. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр екен.
Ұлан Тәліпбай