Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Ерекше балаларды байлап қойып ұрған

Бұған дейінгі балабақшалардағы болып жүрген сұмдықтар бер жағы екен. Балаларды орындыққа байлап қойып бағатын тәрбиешілерді көргенде дүйім жұрттың жүрегі қарс айырылды. Анау-мынау емес, 200 мыңның үстінде ақша төлеп, күнде өзі тасып әкеп тапсыратын ата-ана бүлдіршіндерінің күнұзақ аузы буулы, қол-аяғы байлаулы отыратынын білгендегі күйін елестетіңізші. Мектепке дейінгі мекемелерде бұндай жауыздар да жұмыс істейді екен.

Бұл бейне «Результат» балабақшасында тура бір жыл бұрын түсірілген. 4-5 жастағы бейкүнә бөбектерді тәрбиеші орындыққа байлап қойып, шырылдатып, аяқ киімімен сабап жатыр. Жұмыстан шығып қалған балабақшаның бұрынғы қызметкері өз телефонына түсіріп, Threads желісіне кеше ғана жариялаған. Бірден өшіріп тастапты. Бірақ полиция мен ата-аналардың назарына ілігіп үлгерді.

Көп ата-ана балаларын бүгіннен бастап балабақшаға әкелген жоқ. Баланың құжатын алып кетейік деп келгендерге де ешкім есіктерін ашпады.

ӘСЕМ ҚАСҚАБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Видеоны қарасам, аузы байлауда, шырылдап жылап отырған бала менікі. Үсті-үстіне апайы ұрып жатыр екен. Менің балам сөйлемейді. Балапан тобындағы 20 баланың бәрі де ерекше. Ешкім үйге айтып келе алмайды. Соған ішім ашып тұр. Бір жыл бойы айына 220 мың теңгені балама қорлық көрсеткендері үшін төлеп келдім бе сонда?!

ҚАЙРАТ ҚАСҚАБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жағдайдан директор хабардар болған. Бізге неге айтпадыңыз десек, біртүрлі ыңғайсыздандым деген жауап алдық. Енді нысанның ішіндегі бейнежазбаны ашыңыздар, көрсетіңіздер десек, істен шыққан дейді. Балалары бетін жауып, үркіп қалған ата-аналар бар. Олар бұған дейін бірнеше ай бұрын сұраған екен, көрейікші балаларымыз бақшада не істейді деп. Ол кезде де бізде камера істемей тұр деп жауап берген. Енді барлық жағынан қатаң жазаланса дейміз.

Балаларды орындыққа байлап қойып сабап жатқан тәрбиеші күні бүгінге дейін балабақшада жұмыс істеген. Оның методикасын ата-аналар біліп қойып, полицияға арыз жазғаннан кейін жұмыстан кетіпті. Бұл жай емес — ерекше балаларға арналған коррекциялық балабақша. Соған сеніп, ата-аналар балаларын әкеліп отырған.

ФАТИМА МАНСҰРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Балам жылап отыр. Біз дамыса екен, адам қатарына қоссақ екен дейтін бөпемізді ұрып-соғып келгенін білмедік. Ұлымды өз қолыммен бақандай 2 жыл бойы әкеліп тастап жүрдім. Бетін, құлағын бүркеніп, шошып қалған. Видеоны қарасаңыз, барлық баланы байлап тастаған. Тек бір бала ғана бос жүр. Өйткені ол тәрбиешінің баласы.

Әлеуметтік желіден көріп, баласын танып, арыз жазып жатқан ата-аналар саны артуда. Қазір полиция оның бәрін назарға алып, тергеу амалдарын жүргізуде.

ЗУХРА РЫСКАЛИЕВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ПД АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бейнежазбаның 2025 жылғы қазан айында түсірілгені анықталды. Полиция қызметкерлері түзету бағытындағы балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеген әйелдің жеке басын анықтады. Ол полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі уақытта зардап шеккен балалардың ата-аналары анықталды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.

Ал Білім басқармасы әдеттегідей бұл жеке балабақша, бізге қарамайды деп қысқа қайырды. Балабақша басшысына телефон шалып едік…

БАЛАБАҚША БАСШЫСЫ:

Қазір босаймын, мен сізге қайта хабарласамын.

Әрине, бассыздыққа бой беріп отырған басшы сол күйі ізім-ғайым жоғалды.

← Барлық жаңалықтар