Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Әзербайжан астанасына барды. Бакуге табан тіреген Қасым-Жомарт Тоқаевты сол елдің Премьер-министрінің орынбасары Самир Шарифов күтіп алды.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Кеше кешқұрым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Баку қаласына келді. Ал дәл қазір мұнда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің жетінші саммиті өтіп жатыр. Бұл – Қазақстан осыдан 34 жыл бұрын бастамашы болған халықаралық алаң. Бүгінде Азия мемлекеттерінің басын қосқан кеңесте өңірлік қауіпсіздік, саяси тұрақтылық пен экономикалық ынтымақтастық мәселелері қаралуда.
Мемлекет басшысы саммит мінберінен сөз сөйлеп, көлік-логистика, энергетикалық қауіпсіздік, цифрландыру және экология мәселелерін көтерді. Әзербайжан мен Армения арасындағы қарым-қатынастың жақсаруын құптап, бұл қадам Шығыс пен Батыс арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ халықаралық көлік дәліздерін дамыту, Каспий арқылы жасыл энергияны Еуропаға жеткізу және өңірдегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
Ал саммиттің басты тақырыптарының бірі – АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру. Қазір осы мақсатта Жарғы қабылдау мәселесі қарастырылып жатыр. Алайда оған мүше мемлекеттердің барлығы келісім беруі қажет. Өйткені мұнда шешімдер ортақ мәміле негізінде қабылданады. Сондықтан сарапшылар бұл үдерістің уақыт пен жан-жақты келіссөзді талап ететінін айтады.
РОЗА ВАРЛАМОВА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ЖӘНЕ МУЛЬТИМӘДЕНИЕТТІЛІК ТАЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА КЕҢЕСШІСІ:
Кеңес құрамындағы мемлекеттердің саяси жүйесі, мәдениеті мен экономикалық даму деңгейі әртүрлі. Сондықтан оны халықаралық ұйымға айналдыру оңай емес. Ең алдымен, барлық қатысушы елге тиімді тетіктерді табу қажет. Қазірдің өзінде іскерлік кеңес, қаржы және медиа форумдар секілді жаңа алаңдар жұмыс істеп жатыр. Бұл болашақ халықаралық ұйымның негізін қалыптастырады.
Әзербайжан төрағалығы тұсында әйелдер және жастар кеңестері құрылып, сарапшылар арасындағы байланысқа да басымдық берілді. Мұндай бастамалар мемлекеттердің тек саяси деңгейде ғана емес, қоғамның түрлі салаларында да бірлесе жұмыс істеуіне жол ашады.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Ал Қазақстан мен Әзербайжан үшін бұл сапардың тағы бір маңызды тұсы бар. Екі ел Каспий теңізінің түбімен өтетін талшықты-оптикалық байланыс желісін дамытуға кірісті. Бұл жоба Қазақстанға халықаралық интернет желісіне шығудың балама бағытын ашып, Еуропамен цифрлық байланысты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Осы және саммитте қабылданған өзге де маңызды шешімдер туралы кешкі жаңалықтарда толығырақ баяндаймын.