Азиядағы қауіпсіздік, мемлекеттер арасындағы сенім және халықаралық ынтымақтастық. Бакуде өткен жетінші саммиттің басты арқауы осы болды. Қазақстан осыдан 34 жыл бұрын бастамашы болған кеңес бүгінде әлем халқының жартысынан астамын қамтитын ірі диалог алаңына айналды. Алайда халықаралық жағдай күрделенген тұста тек келіссөз жүргізу жеткіліксіз. Мемлекет басшысы ұйымның нақты шешім қабылдайтын құрылымға айналуы қажет екенін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Түптеп келгенде, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының іргесі шайқала бастады. Бұл жайт құқық үстемдігі көлеңкеде қалып, күш көрсету басымдыққа ие болған қауіпті үрдіспен қатар жүруде. Былтыр әлемде қарулы қақтығыстар саны Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі көрсеткіштен асып түсті. Бұл кикілжіңдердің құны статистикалық деректермен ғана емес, адам ғұмырымен де өлшеніп жатыр.
Президент сөз жүзіндегі уағдаластықты нақты әрекетке айналдырудың жолын да ұсынды. Соның бірі – алдын алу дипломатиясы тетігін іске қосу. Оның мәні – мемлекеттер арасындағы келіспеушілік ушығып, ашық қақтығысқа ұласпай тұрып, ортақ шешім табу. Қазақстан бұл іске Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің барлық қатысушысы атсалысуы керек деп есептейді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Кеңеске мүше елдердің ұжымдық саяси ерік-жігерін нәтижелі бастамаларға жұмылдыруға шақырамыз. Нақты қадам ретінде Превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынамыз. Бейбітшілікті шиеленіске дейін орнықтыру керек. Қақтығыстың алдын алу оның салдарын жоюға қарағанда анағұрлым тиімді әрі арзанға түседі. Мұндай тетік Ұйымға мүше елдердің шешім қабылдауға жүйелі түрде атсалысуына және мәлімдеме қабылдаудан гөрі келісілген іс-әрекетке көшуіне мүмкіндік береді.
Қауіпсіздік мәселесі енді тек шекара мен қару-жараққа қатысты емес. Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы да жаңа қатерлер туғызып отыр. Президент кибершабуылдар мен бақылаусыз технологиялардың мемлекеттер арасындағы тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін екенін ескертті. Сондықтан Кеңес жұмысының бес бағытына алтыншы бағыт ретінде жасанды интеллектіні қосуды ұсынды. Сонымен қатар Алматыда БҰҰ-ның Азия-Тынық мұхиты аймағына арналған цифрлық шешімдер орталығы орналасатынын жеткізді.