Мазмұнға өту
· 13 қаралым

Елімізде мал шаруашылығы өркендеп келеді

Мал баққанға бітеді. Соңғы жылдары елімізде төрт түлікті түлетуге үлкен талпыныс бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, биыл тоғыз айда Қазақстанда мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 3 трлн теңгеден асқан.

Мал өсірудің табысы көл-көсір болатынын түсінгендердің бірі — ақтөбелік кәсіпкер Айбек Қалдығұлов. Алға ауданында жеке шаруа қожалығынан басталған кәсіп кейін ет комбинатын ашуға ұласқан. Қазір кәсіпорынның қуаты тәулігіне 10 тонна мүйізді ірі қараны сойып, 3-4 тонна жылқы етін дайындауға жетеді. Ұсақ малды бөлек қабылдайды.

АЙБЕК ҚАЛДЫҒҰЛОВ, ЕТ КОМБИНАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Өзіміздің күшімізбен салынған ет комбинаты болатын. Сосын 2016 жылы біз консервілеу желісін аштық. «Сыбаға» программасымен ашылды. Қазір қайта өңдеумен айналысамыз. Жыл сайын өсіп келе жатыр. Қазіргі таңда біз экспортқа қойды шығарып жатырмыз, шамамен 300 тоннаның үстінде шықты.

Жалпы, соңғы жеті жылда облыста мал басының саны айтарлықтай өскен. Мысалы, ірі қара алты жүз мың бастан асса, жайылымдағы жылқы саны 420 мыңға жетіп жығылады. Ал ұсақ малдың басы әлдеқашан бір миллионнан асыпты.

МАХАББАТ АЛМАШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Мал шаруашылығын дамытуда мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. Жеңілдетілген несие беру тетіктері арқылы 2019 жылдан 2026 жылға дейін жалпы шет мемлекеттерден 2 737 бас сүтті бағыттағы және 13 960 бас етті бағыттағы асыл тұқымды аналық мал сатып алынды. Сонымен қатар, соңғы 7 жылда мал шаруашылығын субсидиялау бағыттары бойынша жалпы 69 млрд теңге бөлініп, оның 67,1 млрд теңгесі игерілді. Мал шаруашылығы саласын қолдау әрі қарай жалғасады.

Өсім тек Ақтөбе облысына тән емес. Бүгінгі таңда саланың 40 пайыздық үлесі мал шаруашылығының еншісінде. Биылдың өзінде 846 мың тонна ет өндіріліпті.

АЙДОС ЖАҚЫП, ҚР АШМ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

«Мал шаруашылығын дамыту» кешенді жоспары қабылданған болатын. Бұл ұзақ мерзімді, 2030 жылға дейін қарастырылған. Арнайы бағдарламалар бар. Атап айтқанда, «Игілік», «Береке», «Жайлау» деген бағдарламалар бар. Айналым қаражатын беру тетіктері қарастырылған. Биыл, мысалы, 1 трлн-нан астам қаражат бөлінді.

Қазір төрт түлік малдың дені жеке адамдардың қолында. Ауыл шаруашылығы министрлігі берген дерекке қарасақ, жеке шаруа қожалықтарының саны артқан. 237 мыңға жеткен.

← Барлық жаңалықтар